Иранда құтқару операциялары аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Иранда құтқару операциялары аяқталды

14.11.2017

Иранның жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарында құтқару операциялары аяқталды. Өйткені, үйінді астынан тірі жан табуға енді үміт шамалы. Соңғы мәліметке қарағанда, 7,3 баллдық зілзаладан кемінде 450 адам қаза тапты. 7460-ы жараланған. Ал, Иракта 7 тұрғын мерт болды.

Иранда сан мың адам қара суықта далада екі күн түнеді. Өйткені, жер тағы 193 рет тербелген. Апат жайлаған елді мекендерде халық азық-түлік пен ауызсуға, жылы киім мен баспанаға мұқтаж.

Иранның Иракпен шекаралас Керманшах провинциясында жер ел ұйқыда жатқанда сілкінді. Талай ауыл мен қалашықтың тас-талқаны шықты. Жалпы, алғанда бұл апат Ислам Республикасында 14 провинцияға әсер еткен.

Бүгін президент Хасан Роухани Керманшахқа барып, алапат дүмпуден кейінгі проблемаларды тезірек шешуге уәде берді.

Хасан Роухани, Иран президенті:

- Мен халқымыз апаттан зардап шегіп отырғанда, қайғыға батқан шақта осы өңірге келіп отырмын. Қымбатты отанымызға адал қызмет еткен жұртымыздың қайта бақытқа кенеліп, гүлденген сәтін тағы да көруге жазсын. Аймақ тұрғындары тап болған бұл проблемаларды үкімет бар күшін жұмсап, қысқа мерзім ішінде шешеді деп сендіргім келеді.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу