«Хамас» пен «Фатх» бейбіт келісімге қол жеткізді

12.10.2017

Палестинаның бірігуіне жол ашылды. Газа секторына билік ететін «Хамас» қозғалысы мен Батыс жағалаудағы әкімшілікті басқаратын «Фатх» бейбіт келісімге қол жеткізді. Мұны «Хамастың» лидері Исмаил Хания осыдан бірнеше сағат бұрын мәлімдеді. Оның сөзінше, саяси татуластық туралы құжаттың мән-жайы кешкісін екі жақтың қатысуымен Каирде өтетін баспасөз мәслихатында жарияланады.

Тараптар 2007 жылы автономияны бөліп алды. Содан бері Палестина президенті Махмұд Аббастың билігі 2 миллион тұрғыны бар Газаға жүрмейді. Соңғы 10 жылда олар осымен бесінші рет  пәтуаласып отыр. «Хамас» пен «Фатх» арасындағы территориялық, идеологиялық, саяси даулар Палестина мемлекетін құруға талпынысты тежеп келеді.

Аббастың ойынша, жаңа мемлекет Батыс жағалауда, Газада және Шығыс Иерусалимде  пайда болуы керек. Ал, еврей халқының елдігін мойындамайтын «Хамастың» пікірінше, Палестина мен Израиль аумағында біртұтас ислам мемлекеті құрылуы тиіс.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу