Каталония тәуелсіздігіне қарсы шеру өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каталония тәуелсіздігіне қарсы шеру өтті

09.10.2017

Бүгін Каталония лидері парламентте тәуелсіздік туралы мәлімдеме жасауы тиіс. Алайда, королдік үкіметі оған жол бермек емес. Испания премьер-министрі автономиялық аймақта сепаратизмді тоқтату үшін заң аясындағы барлық шараларды қолдануға әзір. Ал, жексенбі күні Каталонияның бөлінуіне қарсы шеруге жүздеген мың адам қатысты. Бұл саяси дау қоғамның ғана емес, кейбір отбасылардың да ортасына жік салып отыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Өткен аптада Каталонияда тәуелсіздік жақтастары 700 мың адамды шеруге шығарған еді. Жексенбі күні Барселона көшелеріне 930 мың адам шықты. Олардың басты ұраны: «Каталония – ол Испания». Сондай-ақ, каталондықтар аймақ президенті Карлес Пучдемонды тәуелсіздік туралы референдумды заңсыз өткізді деп айыптап, оны түрмеге тоғытуды талап етті.

Осы күнге дейін Барселонада Испанияның қызыл-сары түсті туын көтеруге болмайтын. Өйткені, ол әйгілі диктатор генерал Франконы еске салады. Бірақ, осы жолы каталондықтар сол жалауды да ұстап шықты.

Кармен Морал, Барселона тұрғыны:

- Мен мұнда Каталонияның Испаниядан бөлінуін қолдамағандықтан келдім. Себебі, өзімді екі жақтың да перзентімін деп есептеймін.

Тәуелсіздіктің жақтастары мен қарсыластары арасындағы саяси тайталас Каталонияда кейбір ерлі-зайыптыларды ажырасуға итермелеп отыр. Монсеррат Армисен мен оның екі баласы тәуелсіздікке жақтар. Ал, Монсераттың колумбиялық күйеуі Густаво Гомес Каталонияның жеке мемлекет болғанына қарсы. Бұл отбасының шырқы кеткені сонша,  ана мен бала бір жақ болып, отағасын «фашист» деп атап, қазір оған үйден кет деп отыр.

Густаво Гомес, каталон қызына үйленген Колумбия азаматы:

- Шындығы сол, бәрін күтуге болады. Туған жеріме қайтатын шығармын, жағдай қиындай берсе. Өз отбасым қуып жатыр. Әйелім де, балаларым да үйден кет дейді. Сонда мен не істеуім керек бұл жерде.

Каталонияда тәуелсіздік референдумы қазанның 1-де өтіп, оған дауыс беруге құқығы бар 5 миллион 300 мың адамның 43 пайызы ғана қатысты. Халықтың жартысына да жетпейтін сол электораттың 90 пайызы Испаниядан бөлінуді қолдаған. Алайда, испан үкіметі мен конституциялық соты бұл плебициттің өтуінің өзін заң мен мемлекеттің тұтастығына қайшы деп есептейді.

Каталония лидері тәуелсіздікті бүгін жергілікті уақытпен кешкі сағат 6-да парламент алдында басталуы тиіс үндеуінде жариялауы мүмкін. Алайда, Испания сессиясының өтуіне де тыйым салып отыр.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу