«Әлеуметтік қамқорлық». Үкімет мүшелері Қарағанды және СҚО тұрғындарымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әлеуметтік қамқорлық». Үкімет мүшелері Қарағанды және СҚО тұрғындарымен кездесті

18.04.2019

Халықты «Әлеуметтік қамқорлық» шараларымен ақпараттандыру тобы Қарағанды облысындағы жұмыс сапарын қорытындылады. Олар осы өңірдегі жүзеге асып жатқан әлеуметтік бағдарламалардың орындалу барысымен танысты. Атап айтқанда, Үкімет өкілдері ең әуелі Жезқазған қаласында болып, бірнеше мекемені аралап шықты. Азаматтардың әлеуметтік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін сұрастырды.

Елбасы тапсырмасына сәйкес бұл шаһарда халықтың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға жергілікті билікпен бірге кәсіпорындар да атсалысуда. Бизнес қауымдастық биыл көпбалалы және аз қамтылған ондаған отбасыны баспанамен қамтымақ. Сонымен қатар, облыстағы еңбек заңнамаларының сақталу мәселесі республикалық үшжақты коммиссия отырысында қаралды. Бұл жиында негізінен жұмысшылардың құқығын сақтау және еңбекақысын өсіру мен уақытылы беру мәселесі пысықталды. Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Абай қаласында жалпы халықпен кездесу өткізді. Азаматтарға Елбасы жариялаған «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын түсіндірді.

Халықты «Әлеуметтік қамқорлық» шараларымен ақпараттандыру тобы түстен кейін Солтүстік Қазақстан облысына барды. Үкімет өкілдері өңір тұрғындарымен кездесіп, жаңа әлеуметтік бағдарламалар туралы мағұлмат берді. Сонымен қатар, аймақтағы кәсіпорын басшыларымен, іскерлік орта өкілдерімен болған жиында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі пысықталды. Солтүстіктегі кәсіпкерлер көпбалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп келеді. Мәселен, биыл осы бағытта бизнес есебінен ондаған отбасына баспана беріліп, түрлі деңгейде материалдық жәрдем жасалуда. Сондай-ақ, жұмыс тобының қатысуымен мемлекеттік «Серпін-2050» бағдарламасының орындалуы жөнінде жиын өтті. Соңғы жылдары еліміздің әр аймағынан теріскейге келіп жұмыс істеп жатқан жастар саны көбеюде. Оларды әлеуметтік тұрғыда қолдаудың кешенді іс-шаралары қабылданған.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу