ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнеркәсіп саласына жауапты министрлері Мәскеуде бас қосты

13.03.2019

Мәскеуде Еуразиялық Экономикалық Одақ құрамына кіретін 5 мемлекеттің өнеркәсіп саласына жауапты министрлері бас қосты. Жиында өзара ынтымақтастық пен өндірістік кооперацияны дамыту жайы талқыланды. Мәселен, келешекте Ресей үкіметінің импортты алмастыру бағдарламасына Еуразиялық Одаққа кіретін елдердің де кәсіпорындары қатысуы мүмкін.

Бұл бағытта Қазақстанның 14 компаниясы қазірдің өзінде жұмыс істеп жатса, енді тағы 63 кәсіпорынға осындай мүмкіндік беріледі. Бұдан бөлек, еліміз машина құрастыру саласына арналған жол картасын әзірлеп жатыр. Оның аясында көп кешікпей алғашқы бірлескен жоба да іске қосылуы тиіс.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Біз Петербург трактор зауытымен келісімге келдік. Алдағы мамыр айында «Кировец» тракторлары Қазақстанда құрастырыла бастайды. Алайда әзірге олардың саны шектеулі, яғни тек 500 дана техника. Дегенмен Петербург тракторы зауыты біздің отандық компанияларға техникалық құжаттамалар мен сызбаларын беретін болды. Соның арқасында ресейлік зауытқа арналған бірқатар қосалқы бөлшектер Қазақстанда шығарылады. Мұны өндірістік кооперацияның бір мысалы деуге болады.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу