ҚР СІМ Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты мәлімдеме жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР СІМ Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты мәлімдеме жасады

28.02.2019

«Қазақстан Үндістан мен Пәкістан арасындағы әскери-саяси жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіреді. Қазақстан екі ел арасындағы ашық және конструктивтік саяси-дипломатиялық диалог қазіргі дағдарыстан шығудың жалғыз тиімді және қолайлы жолы деп санайды. Тараптарды, ең алдымен, ахуалдың одан әрі ушығуының алдын алу үшін аймақтық және жаһандық қауіпсіздіктің негізгі мүдделеріне негізделген барынша сабырлылық пен халықаралық құқық нормаларын сақтауға шақырады», делінген мәлімдемеде.

«70 жылға жалғасқан шиеленіс ушығатын болса, Қазақстанға да кері әсерін тигізуі мүмкін»,- дейді сарапшылар.

Жәнібек Арынов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- Егер қақтығыс ушығып, бақылаудан шығып кеткен жағдайда миграция, экономика мәселелері Қазақстанға әсерін тигізеді. Себебі Пәкістанның орналасқан жері Қазақстаннан алыс емес. Ортамызда екі мемлекет қана жатыр.

Пәкістан әуе кеңістігінің жабылуына байланысты «Air Astana» компаниясы Қазақстаннан Делиге ұшатын рейстердің барлығын тоқтатты. Ал, кеше ұшып келуі тиіс Дели-Алматы бағытындағы ұшақ бір тәулікке кешігіп, бүгін елге жетіп, аман-есен қонды. 

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу