Сарапшылар әріптестікті күшейтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар әріптестікті күшейтеді

26.02.2019

Астана мен Мәскеудің саясаттанушылары жиі бас қосқанымен, шекаралас өңірлердегі сарапшылар арасындағы байланыс жоқтың қасы. Сондықтан келешекте қос тарап осы мәселеге мән беруі тиіс. Бұл туралы Қазақстанның Қазан қаласындағы Бас консулымен кездескен Свердлов облыстық саяси зерттеулер орталығының мамандары мәлімдеді.

Саясаттанушылардың пікірінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар негізінен көршілес жатқан аймақтардың үлесінде. Алайда, іргелес тұрған облыстардың халқы екі елде болып жатқан саяси, экономикалық өзгерістерді жіті біле бермейді. Сондықтан аймақтық деңгейдегі сарапшылар да жиі бас қосып, өзара диалогты күшейтуі керек. Себебі тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстанда да, Ресейде де көп дүние өзгерді. Ал, бұл процестерге тың көзқарас, жаңа зерттеулер қажет.

Андрей Русаков, Еуразиялық зерттеулер орталығының директоры:

- Қазақстан Ресей үшін маңызды әріптес болып қала береді. Сол сияқты Ресей де - Қазақстанның сенімді серіктесі. Сондықтан біздердің, саясаттанушылардың, мақсаты – осыны көпшілікке дұрыс түсіндіріп, қоғамдық пікірді қалыптастыру. Әлбетте, әрбір тәуелсіз елдің өз саясаты, түрлі мүддесі болуы мүмкін. Сол мәселелерді біліп, жұртқа дұрыс жеткізу үшін екі тараптың сарапшылары жиі бас қосып тұруы керек.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу