Үкімет отырысында электр қуатын үнемдеу мәселесі талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысында электр қуатын үнемдеу мәселесі талқыланды

19.11.2018

Кәсіпорындар электр қуатын үнемдеп, баламалы энергия көздерінің үлесін көбейтуі тиіс. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Инвестициялар және даму министрі мен өңір басшыларына осындай тапсырма берді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев энергияны жұмсауда ұқыпты болуды үнемі еске салып тұрады. Алайда, мұны елемейтін өңірлер де бар екен. Ол қай облыстар? Тілшіміздің бейнематериалынан біле аласыздар.

 

Альбина Әшім, тілші:

Қазақстан энергия тиімділігі бойынша 111 мемлекет арасында 32-ші орынға жайғасты. «Жасыл экономикаға» ұмтылған біздің ел бұдан да жоғары деңгейге жетіп, баламалы қуат көздерін өндіруді ұлғайтуға мүдделі. Жоспар ауқымды. 1 жылдан соң ЖІӨ-ң энергия сыйымдылығын 25 пайызға, ал 50-ші жылға қарай, 50 пайызға төмендетуді көздеп отыр.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

-Энергия үнемдеу жобаларын іске асыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл үшін энергия тиімділігі картасы құрылды. Қазіргі уақытта карта бойынша 15 миллиард теңге болатын 68 жоба іске асырылуда. Олардың ішінде 12 жоба энергия сервистік шарттар мен мемлекеттік жекеменшік әріптестік тетігі арқылы қолға алынды. Жыл сайынғы үнемдеу 3,5 миллиард теңгені құрайды.

 

Қазақстан Жапония жүріп өткен жолды таңдап, мемлекеттік энергетикалық реестрін құрды. Қазір оған 5 мыңнан астам ұйым кіреді. Энергия үнемдеуден «орташа» деп бағаланған 10 өңірдің ішінде Астана да жүр. Ал, төмен бағаға ие болғандар арасында Алматы қаласы мен Қарағанды облысы бар.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

-Қазір 20 пайыздан астам мектептер мен әлеуметтік нысандардың шамдарын энергия үнемдейтін жарыққа көшірдік. «Қазақмыс» және «АрселлорМиттал» кәсіпорындарында да энергоаудит жүріп жатыр. Биыл «Қазақмыста» аудит бітеді. Келесі жылы «АрселлорМитталда».

 

Ал, үнемшіл өңір ретінде Павлодар облысы үлгі бола алады. Бұл аймақта 5 жылдан бері энергия үнемдеу бойынша бөлім жұмыс атқарып келеді. Үкімет басшысы басқа да облыс әкімдеріне ысырапшылдықты қойып, қуаттың ұқыпты пайдаланылуын қадағалауды тапсырды. Ал, Инвестициялар және даму министрлігі қаржы іздеп әлек. «70 миллиард теңге беретін инвестор табылса, энергия үнемдеуге бағытталған 76 жобаны жүзеге асыруға дайынбыз»,-дейді.

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу