«Самұрық-Қазына» ел экономикасында маңызды рөл атқарады - Елбасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Самұрық-Қазына» ел экономикасында маңызды рөл атқарады - Елбасы

19.04.2018

Басқосу барысында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының жаңарған даму стратегиясы мен қорды трансформациялау бағдарламасын қабылдау мәселелері талқыланды.

Кездесуді ашқан Қазақстан Президенті ұлттық экономикамызды нығайту және одан әрі дамыту ісінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жұмысы стратегиялық маңызға ие болып отырғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры ел экономикасында маңызды рөл атқарады. Қорды дамыту жөніндегі алғашқы ұзақ мерзімді стратегия 2012 жылы қабылданды. Ол әлемдік қаржы дағдарысының салдарына қарсы тұру мақсатымен әзірленген болатын. Соңғы жылдары ахуал өзгерді. Экономикамыз сыртқы факторлардың әсеріне төтеп беріп, орнықты даму жолына түсті. Көп жұмыс атқарылды. Біздің экономикамыз тұрақты даму жолына түсті. Не істеуімізді талқылайтын боламыз.

Отырыс барысында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы – Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовтің, «Самұрық-Қазына» АҚ тәуелсіз директоры Ричард Эванстың есептері тыңдалды. Жиынға қатысушыларға «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының 2018-2028 жылдарға арналған жаңарған даму стратегиясы таныстырылды. Адами капиталды дамыту және қордың кадр әлеуетін тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы қордың жаңа стратегиясын мақұлдап, жиын соңында бірнеше нақты міндеттер жүктеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Егер біздің ойларымыз бір жерден шығып тұрса, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының 2018-2028 жылдарға арналған жаңарған Даму стратегиясын және қорды трансформациялау бағдарламасын мақұлдаймын. Бұдан бөлек, Қордың жұмысын дамыту бойынша атқарылуы тиіс бірнеше мәселе бар. Бірінші, қордың жұмыс тиімділігін арттыруды айтып жүрміз. Бірақ, әлі күнге дейін бірнеше сатылы басқару жүйесі бар. Егер оныншы сатыға дейін барар болса, соңында іске нақты жауапты адамды табу қиын. Мұндай жүйе барлық жерде бар. Қазір қордың басқару жүйесі алты сатылы. Енді осыны қысқарту, ықшамдау арқылы қордың жұмыс тиімділігін арттырамыз. Екінші, жекешелендіру жұмысын жалғастыру керек. Біз барлық әлемге жария еттік бірақ, қазір жұмыста екпін жоқ. Оған қоса, белсенді компанияларды анықтап, олардың акцияларын ІРО-ға шығаруымыз керек. Жекешелендіру жұмысын жүргізу үшін жақсы менеджерлер керек. Ол үшін қор басшылығы Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуі керек. Үшінші, төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде экономиканы цифрландыру жұмысын белсенді жүргізуіміз керек. Осы бағытта жұмыс жүргізу үшін арнайы вице-премьер тағайындалды. Ұлттық компанияларда және білім мен денсаулық саласында цифрландыру жүйесін енгізуді қарқынды жүргізу керек. Онсыз бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Төртінші, қордың инвестициялық саясаты. Бүгін қабылданған жаңа стратегия осы бағыттағы жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді. Жүйелі шешімдер қабылдауға септігін тигізеді. Газ, химия кешені бойынша жұмыстарды жандандыру керек. Қазір шикі мұнайдың бағасы құбылып тұрған уақытта жаңа табыс көздерін қарастыруымыз керек. Дайын өнімдер шығаруымыз керек. Газдандыру жұмыстары бойынша да тиісті заңдарды қабылдап, жұмысты жеделдетуіміз керек.

                      

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу