Нұрсұлтан Назарбаев Елшілерден Сенім грамоталарын қабылдады

11.04.2018

«Елдестірмек елшіден». Бүгін Ақордада Италия, Ресей, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасының елшілері Қазақстан басшысына Сенім грамотасын табыс етті. Дипломатиялық миссиясына жаңадан кіріскен олар мемлекетаралық серіктестікті одан әрі жалғауға ниетті. Төртеуі де алдағы уақытта өз Отандарының Қазақстанмен арадағы алыс-берісін арттыруға құлшынып отыр. Қазаққа да олардан керегі - достық ниет, еркін сауда-саттық. Нұрсұлтан Назарбаев аталған елдерді болашақта Астана қаржы орталығы қызметін дамытуға, игілігін бірлесе көруге шақырды. Бизнеске қолайлы жағдай жасау жөнінен 190 елдің арасында 36 орында тұрғанымызды еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздердің дипломатиялық қызметтеріңіз мазмұнды әрі маңызды оқиғаларға толы кезеңдерде болғалы тұр. Қазақстан халықаралық байланыстарын дамыта түсу үшін көпжақты сыртқы саяси бағытын жалғастыра беретін болады. Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті, халықаралық құқық негіздерін нығайтуды көздейтін іс-әрекеттерді қолдаймыз. Бұған Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқарып келе жатқан жұмыстарының нәтижесі дәлел.

Алексей Бородавкин, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

- Астанаға аттанар алдында Ресей Президенті Владимир Путиннің қабылдауында болдым. Қабылдау барысында ол Қазақстанда Елші болып жұмыс істеу зор сенім мен жауапкершілік екендігін атап өтті. Бұл шындығында да солай. Өйткені, одақтастық қарым-қатынасты дамыту, экономикалық байланыстар саласындағы Қазақстанмен біздің ынтымақтастығымыздың күнтәртібі өлшеусіз.

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу