ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі басталды

24.06.2016
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі басталды

Бүгін Өзбекстан астанасында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы шағын құрамда басталды.

Отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Қытай Төрағасы Си Цзиньпин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Ресей Президенті Владимир Путин қатысуда.

Күн тәртібіне сәйкес, Мемлекет басшылары ШЫҰ аясында көпжақты  және өзара тиімді ынтымақтастықты одан ары тереңдету мәселелерін талқылап, өзекті өңірлік және халықаралық проблемалар жайында пікір алмасады. Пәкістан мен Үндістанға ШЫҰ-ның мүшесі мәртебесін беру жайын қарастырады.

Кездесудің негізгі қорытынды құжаты ШЫҰ 15 жылдығының мерейтойлық декларациясы болмақ. Аталған құжатта соңғы 10 жылдағы ұйым қызметіне баға беріліп, ағымдағы халықаралық және өңірлік жағдайға қатысты ұстаным белгіленген.

Мұнан бөлек, Президенттер  2025 жылға дейінгі ШЫҰ-ны дамыту стратегиясын жүзеге асыру бойынша 2016-2020 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын және ШЫҰ-ны дамытуға әрі ұйымға қатысушы елдердің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өзге де құжаттарды бекітеді деп күтілуде.

Біраз уақыттан кейін кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтеді. Оған төрағалық етуші тараптың құрметті қонағы - Гурбангулы Бердімұхамедов, ШЫҰ жанындағы байқаушылар - Ауғанстан Президенті Мохаммад Ашраф Гани, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди, Пәкістан Президенті Мамнун Хусейін, Моңғолия Президенті Цахиавгийн Элбэгдорож қатысады.

Хабарламаларға жазылу