Cыртқы істер министрі Латвияға ресми сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Cыртқы істер министрі Латвияға ресми сапармен барды

31.01.2014
Cыртқы істер министрі Латвияға ресми сапармен барды
 
Қазақстан мен Латвия арасындағы көлік-транзиттік саладағы серіктестіктің болашағы зор. Өйткені, бүгінде Латвия порты арқылы Қазақстан Еуропа нарығына өз тауарын еркін тасымалдау мүмкіндігіне ие болып отыр.
 
Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов латвиялық әріптесі Эдгарс Ринкевичспен кездесуі кезінде атап өтті. Айта кетейік, Сыртқы істер министрінің Еуропа елдеріне жасаған сапары Латвия елінде түйінделді.
 
Сапар аясында ол ел Президенті Андрис Берзиньшемен, Парламент Төрағасы Солвита Аболтинямен кездесті. Латвия елшілерінің дәстүрлі кездесуіне қатысты.
 
Бүгінде Қазақстан мен Латвия арасында бірқатар келісімге қол қойылған. Осы келіссөздердің нәтижесінде Қазақстан мен Латвия арасында тікелей әуе рейсі ашылды.
 
«Балтика Транзит» және «Балтика Транзит-2» контейнерлік пойыздары іске қосылды. Қос ел арасында туризм, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында да тығыз байланыс орнады.

 Қос ел халықаралық ұйым шеңберінде де ынтымақтастығын нығайта түспек ниетте.

Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:
Латвия Еуроодақтың белсенді мүшесі саналады. Сондықтан, бұл елмен берік байланыс орнату біз үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Ең бастысы, Латвия Қазақстан үшін әлемдік нарыққа шығатын транзиттік нүкте. Өйткені, бұл теміржол контейнерлік тасымалын ұйымдастыру бойынша Балтық аймағындағы ең тәжірибелі ел саналады.
 
Эдгарс Ринкевичс, Латвия Республикасының Сыртқы істер министрі:
Еуроодақ пен Орталық Азия елдерінің, оның ішіндегі Қазақстанмен арадағы әріптестікті біз жоғары бағалаймыз. Біз қазір өңірлік қауіпсіздік, терроризм, заңсыз есірткі тасымалына қарсы бірлесіп әрекет етудеміз. Саяси-экономикалық, гуманитарлық салада да берік байланыс орнаған.
 
Шынар АСАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу