Бүгін құтқарушылар жоғалған альпинистерді іздеуді ресми түрде тоқтатты

23.08.2019

Тянь-Шань тауларында жоғалып кеткен альпинистерді іздеу жұмыстары тоқтады. «Оған ауа райының қолайсыздығы себеп», - деді. Алматыда баспасөз мәжілісін өткізген құтқарушылар. Бес күн бойы тауда жүріп, бар мүмкіндікті пайдаланып көрген мамандар оларды тірі табуға мүмкіндік жоқ екендігін айтты. Сондықтан, туыстарының келісімі бойынша осындай ауыр шешімге келген.

Осыдан бір апта бұрын Қырғызстан жақтағы Іле Алатауының шығыс беткейінде із-түзсіз жоғалып кеткен альпинистерді іздеуге аттанған құтқару тобы бүгін елге оралды. Олар 5 күнде «Жеңіс» шыңының бөктерін тікұшақпен бірнеше мәрте айналып өткен. Тепловизор арқылы қараса да ешқандай із де, тірі жан да байқалмаған.

Аманжол Рахметов, Іздеу-құтқару операциясының мүшесі:

Қазір сұрақтар қойылып жатыр. «Неге жаяу бармады?» деген сияқты. Жаяу бару өте қауіпті. Ол жерге 16, 17 күні үлкен қар жауды. Ол жерде ауа райы біріншіден қар қалың. Түске дейін 2-3 сағат қана мүмкіндік бар. Ұшаққа көтерілуге. Түстен кейінгі уақытта күн бұзылады. Өте қолайсыз.

Мұндай шешімге альпинистердің жақындары да көніп отыр. Мәселен, «Іздеу жұмыстарының жан-жақты жүргізілгендігін көрдім», - дейді жоғалған Мұрат Өтепбайдың жары.

Шахаризада Шахбутова, Мұрат Өтепбайдың жары:

Менің ойымша, құтқару тобы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қолдарынан келгенді жасады. Бұл кісілер нағыз дос ретінде жанашырлық танытты. Күні-түні ұйықтамай барлығын хабарлап отырды. Бірақ, біз әлі де үміт үзгіміз келмейді.

Мамандардың айтуынша, жоғалып кеткен альпинистердің физикалық даярлықтары мықты. Мұрат Өтепбай мен Александар Чечулин 7 мың метр биіктікті 13 реттен бағындырған. Ал Андрей Корнеев осындай шыңдарға екі рет шыққан. Бірақ  биыл Тянь-Шань тауларындағы қолайсыздық ерте басталған. Тамыз айының ортасында-ақ қалың қар түскен. Сол себепті, биыл «Жеңіс» шыңына жету қиын. Ал жалпы Тянь-Шань —  әлемдегі ең қауіпті таулардың бірі. 1955 жылы осы аймақта 11 адам жоғалса, 1993 жылы «Хан тәңірі» шыңында 4 альпинист жоғалып, сол күйі табылмаған.  

Аманкелді СЕЙІТХАН

 

Хабарламаларға жазылу