Бүгін ХХIII Қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін ХХIII Қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде басталады

09.02.2018

Бүгін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХIII Қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде басталады.

Олимпиадада спорттың 15 түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Біздің спортшыларымыз биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы, шорт-трек, конькимен жарысу, шана спорты, шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, фристайл (акробатика, могул) сынды спорттың 9 түрінен ел намысын қорғайтын болады.

Қазақтың көк туы Пхенчхан төрінде 7-ші ақпан күні көтерілді. Ал Олимпиаданың алғашқы сындары 8 ақпан күні басталды.

Айта кетейік, «Қазақстан» РТРК» АҚ – Қысқы Олимпиада ойындарының Қазақстан Республикасындағы негізгі хабар таратушысы. «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарында 150-ге жуық тікелей трансляция жоспарланған. Оның ішінде 60-сын «Qazaqstan» Ұлттық арнасы, ал «Qazsport» телеарнасында – 85-тен астам трансляция жүргізілмек.

Айта кетейік, бүгін фристайлдан (Могул. Ерлер/Әйелдер. Іріктеу кезеңі) жарыс кезінде қазақстандық 3 спортшыл Павел Колмаков (79.98), Дмитрий Рейхерд (81.23) және Юлия Галышева (76.36) финалға шықты.

Бүгін Астана уақытымен 16:50-де Олимпиаданың ресми ашылу салтанатын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетпек. Онда Қазақстанның көк байрағын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев көтеріп шығады.

Хабарламаларға жазылу