Елімізде мал шаруашылығының жалпы өнімі былтырғымен салыстырғанда 10,5 пайызға ұлғайды. Алайда өңдеу көлемі төмен деңгейде қалып отыр. 35 пайыздан аспайды. Көршілес Ресей мен Беларусьте бұл көрсеткіш 40-50 пайыз. Ал дамыған елдерде, тіпті 80 пайызға дейін жетеді. Бүгін Үкімет отырысында саланы дамыту мәселесі сөз болды. Премьер-Министрдің пікірінше, кәсіпорындардың құрал-жабдығы ескі, шикізат тапшы. Сондықтан көпшілігі толық қуатында жұмыс істемей отыр. Ал саланы алға сүйреу үшін инвестиция көлемін жыл сайын кемінде 30 пайызға көбейтіп отыру керек.
Кезінде ауыл шаруашылығы министрлігі жылына 60 мың тонна ет экспорттаймыз деп уәде еткен. Ол кезде сала басшысы Асылхан Мамытбеков болатын. Алайда әзірге бұл межені бағындыру қолдан келмей жатыр. Асқар Мамин, тіпті, кей елдермен сауда келісімі жасалса да әлі күнге дейін істің алға баспай отырғандығын айтты.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Қытаймен ірі қара мал етін жеткізу туралы талаптары келісілді. Алайда осы күнге дейін өнім экспортқа шығарылмай отыр. Сиыр еті экспорты бойынша Түркістан, Ақтөбе облыстары белсенді жұмыс істеп жатыр. Ең төменгі көрсеткіш ШҚО. Қытай нарығының ауқымы және Қазақстан үшін экспорт жағынан басым елдерді ескеріп, бұл бағыттағы жұмысты сапалы түрде ұйымдастыру керек.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сөзінше, соңғы жылдары мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуде өсім бар. Дегенмен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында көрсеткішіміз төмен. Ет өңдеу ісінде Ақмола облысы мен Шымкент қалалары жақсы нәтижеге қол жеткізсе, Алматы облысындағы қарқын бәсең.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Соңғы жылдары мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде оң өсім байқалады. 477 мың тонна сиыр етімен, бұл – ішкі тұтынудың 98 пайызы, 150 мың тонна қой етімен, 86 мың тонна шошқа етімен қамтамасыз етеді.
Министрдің сөзінше, сүт өңдеу көлемін 2022 жылға қарай 2,2 миллион тоннаға жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Осы ретте Асқар Мамин отандық құс шаруашылығын дамыту бойынша нақты жоспар әзірлеуді міндеттеді. Кәсіпкерлер мен инвесторлар билік тарапынан жақсы қолдау болса, білек сыбана іске кірісуге дайын екендіктерін айтады.
Арман Джавидан, шетелдік инвестор:
Біздің компания Қазақстанда 9 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Бордақылау және өңдеу цехтарымыз бар. Фермерлер үшін мал санын көбейтуге үкімет тарапынан жақсы қолдау бар. Бұл экономикалық өсімге септігін тигізеді деп ойлаймын.
Рәбиға Тоқсейітова, кәсіпкер:
Үкімет тарапынан негізі осы ауыл шаруашылығына мерзімі ұзақ және пайызы аз қаражаттар, несиелер керек. Егер де сондай қаржылар болса, онда ауыл шаруашылығына оның ішінде құс шаруашылығына жақсы үлес болады.
Сондай-ақ жиын барысында халал өндірісті дамыту қажеттігі сөз болды. Қазіргі таңда мұсылман мемлекеттері тарапына сапалы, әрі таза етке деген сұраныс жоғары. Сол себепті Үкімет 15 тамызға дейін халал өнімдерін дамыту жөніндегі жол картасын әзірлемек.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ