Алматыда атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген 300-ге жуық отбасы анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген 300-ге жуық отбасы анықталды

23.07.2019

Алматыда атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген 299 отбасы анықталды. Енді олар негізсіз алған қаржыны мемлекетке қайтаруы тиіс. Қазір қалада жауапты мамандар мемлекеттен осы көмекті алатын жандардың тұрмыстық жағдайын тексеру ісін тоқтатқан жоқ. Өкінішке қарай, шын мұқтаж азаматтарды тиесілі несібесінен қаққандар аз емес. Жалған құжаттар жасап, табысы азайтып көрсеткендер, тіпті, тұрғылықты мекенжайын әдейі ауыстырғандар да анықталған. Мәселен, осындай әлеуметтік көмек алып келген бір отбасының үш қабатты зәулім үйде тұратындығы, әрі қымбат көліктері бар екендігі белгілі болды.

 

Мамандар заң бұзушыларды анықтау үшін 3784 үйді аралаған. Соның нәтижесінде 299 отбасының жағдайы жақсы екендігі анықталды. Көбісі жеке кәсіппен айналысады. Олар кінәлі екендіктерін толық мойындағанымен, алған қаражатты мемлекетке қайтарады. Бірақ жауапкершілікке тартылмайды. Ал егер мойындамаса, бұл іспен құзырлы органның өкілдері айналысады.

 

Диляра Иманқұлова, Қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:

Бұл мәселемен біз ғана емес, құқық қорғаушылар да айналысып жатыр. Істі әрі қарай прокуратураға береміз. Себебі, бұл - мемлекеттің қаржысын ұрлау деп есептейміз. Осы уақытқа дейін екі рет тексеру жүргіздік. Нәтижесінде қазір 299 отбасының 53-і өз еркімен атаулы әлеуметтік көмектен бас тартты,

 

 Қала тұрғыны Марина Ничкова алты баланы жалғыз асырайды. Әркімнің есігін жағалап, пәтер жалдайды. Кішкентай балалары болғандықтан, тұрақты жұмысқа да орналаса алмайды. Сондықтан ол үш айдан бері 142 мың теңге көлемінде көмек алып отыр. Құжат тапсыру кезінде де ешқандай қиындық көрмегендігін айтты.

 

Марина Ничкова, көпбалалы ана:

Кіші ұлым бір жасқа толып, мемлекеттен берілетін жәрдемақы тоқтағаннан кейін, жағдайым қиындады. Бірақ атаулы әлеуметтік көмек алғаннан бері тәуір болдық. Айына 142 мың теңге аламын. Ал тұрмысы тәуір адамдардың мен сияқты мұқтаж жандардың ақшасына ортақтасқаны дұрыс емес. Мұны естігенде кейбір адамдардың тойымсыздығына таң қалдым.

 

Осы уақытқа дейін атаулы әлеуметтік көмек бойынша 44 500-ге жуық адам мамандардан кеңес сұраған. Олардың 7200-ден астамы мақұлданған.

 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу