Жамбыл облысында биыл 30 мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын болды

08.04.2019

Ол үшін республикалық бюджеттен 16,7 миллиард теңге қарастырылған. Қазір өңірде көпбалалы отбасылардың өтінішін қабылдау науқаны жүріп жатыр. Бұған дейін аймақта атаулы әлеуметтік көмекті 74 мың адам алып келсе, биыл бұл көрсеткіш 150 мың адамға артып отыр. Тақырыпты өңірдегі тілшіміз Сәбит Әлдебай тарқатады.

Жеті баланың анасы Раушан Тұрлыбекова Меркі ауданында тұрады. Көпбалалы ана халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа түрін алуға өтініш жазды. Сабақты ине сәтімен шықса, бұған дейін алып келгенінен екі есе көп болмақ.

Биыл өңірдегі аталған әлеуметтік көмекті алушылардың саны артқан. Қазір облыс бойынша табысы төмен 29650 отбасының әлеуметтік картасы түзілді. Қазір жер-жерде құжат қабылдау жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Талғат Қадірсізов, Меркі ауданы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

- Бүгін 2019 жылдыі 1 сәуіріне дейін 388 отбасы атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген. Олардың өтініштерінің бәрі қабыл алынды. Қазір олар атаулы әлеуметтік көмек алып жатыр.

Өңірде көпбалалы отбасыларға жәрдемақыдан бөлек, баспанамен қамту ісі жандана бастады. Қазір 1768 көпбалалы отбасы пәтер кезегіне тіркеуде тұр. Биыл аймақтағы 80 көпбалалы отбасына пәтер беріледі деп жоспарлануда.

Аймақта аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін қосымша 10 жатақхана салынбақ. Оның алтауының құрылысы биыл басталды. Таразда үшеуі, қалғандары Шу, Қаратау, Жаңатас қалаларында бой көтереді. Онда баспанаға кезекте тұрған 400-ге жуық отбасы өз кезегі келгенше паналайтын болады.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу