Елордада қолжетімді үйлер қатары артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада қолжетімді үйлер қатары артады

17.07.2019

Қолжетімді баспана саны екі есеге көбейеді. Бұл туралы бүгін елорда әкімдігінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің жүктеген міндеттерін орындау бойынша өткен жиында қала басшысы Алтай Көлгінов айтты. Қазір елордада 46 мың адам баспана кезегінде тұр. Оның 3500-і - көпбалалы отбасы. «Осындай 24 отбасы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен пәтерлі болған. Бұл – төмен көрсеткіш», - деген әкім жұмыстар жүйелі жалғасатынын айтты.

Осы ретте биыл коммуналдық тұрғын үй қорынан 1634 пәтер бөлінеді. Оның 731-і - арендалық, 233-іне көпбалалы отбасылар иелік етеді. Сондай-ақ, 1500 тұрғын үй сертификаты берілмек. Оның мыңы көпбалалы, толық емес, мүгедек балалары бар отбасыларға табысталады. Ал 500 сертификат білім, денсаулық сақтау және полиция департаментінің қызметкерлеріне үлестірілмек.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

Президенттің тапсырмасына сәйкес, қолжетімді баспананы біз екі есеге көбейтеміз. Қазір бізде де кемшіліктер бар. Кезекте тұрған азаматтар, аз қамтылған отбасылар 312 пәтерлі тұрғын үйді күтіп отыр. Біздің тарапымыздан 15 шілдеге дейін жоспарланған. Бірақ ол үй қазір дайын емес. Өткен аптада барып қарадық, абаттандыру жұмысы бітпеген. Сондықтан 2 басқарма басшысын тәртіптік жазаға тартуға тура келді. Бұл тәртіпті күшейтеді деген сенімдеміз.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу