Халыққа арнайы қызмет көрсету орталықтарында ақпарат базасы істен шығып, көлік жүргізушілер дүрлікті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халыққа арнайы қызмет көрсету орталықтарында ақпарат базасы істен шығып, көлік жүргізушілер дүрлікті

09.07.2019

Алматыдағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында өткен аптада ақпарат базасы істен шығып, көлік жүргізушілер дүрліккен еді. Демалыс күндері бәрі реттеліп, бүгін абыр-сабыр саябырсығандай болды. Ал айқай-шудың шығуына көлік жүргізу куәлігі мен машинаны тіркеу, есептен шығару міндеттері Ішкі істер министрлігінің құзырынан осы орталыққа жүктелуі кесірін тигізген. Қазір кезекте тұрғандарға жүйелі қызмет көрсетіліп жатыр. Оған қосымша мамандар да тартылған.

Бір аптадан бері шуы басылмаған арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығында енді жұмыс реттеле бастады. Бұған дейін ақпараттық жүйеден кеткен қателік тірлікке тежеу салған. Себебі мамандар жаңа веб-модульді іске қосыпты. Оған қоса, өткен мереке күндері қарсаңында мекемеге келушілердің нөпірі көбейген соң, ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр болған. 

 

Сәкен Байғалиев, №1 Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы:

 

Бірінші шілдеден бастап, бірінші апта күндері базада техникалық ақаулықтар болған. Соған орай адам саны көбейіп кеткен. Қазіргі таңда база, бәрі дұрысталды. Кезек өз орнымен кетіп жатыр. Халыққа қызмет көрсетіліп жатыр.

 

Мемлекеттік корпорация өкілдері халық наразылығын басып, кезекті азайту үшін қосымша мамандар шақырған. Олар үш-төрт күннен бері түнгі 00:00-ге дейін жұмыс істеп жүр. Тіпті, egov.kz порталы арқылы қызметті онлайн алуға көмектесетін кеңесші қызметкерлер де тартылған. Ал орталық басшылығы жұртты уақытша қолайсыздықтан кейін жұмыс бір жүйеге түсті деп сендірді. 

 

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында шілденің 1-8 аралығында тек көліктерді қайта тіркеп, жүргізуші куәлігін беру бойынша 9 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілген. «Жемқорлыққа жол бермеу үшін Ішкі істер министрлігі жасаған бұл жаңа реформа алдағы уақытта саладағы жұмысқа оң әсерін тигізеді»,- дейді мамандар.

 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу