Халыққа қызмет көрсету орталықтарында эстрада және телеарна жұлдыздары қызмет көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында эстрада және телеарна жұлдыздары қызмет көрсетті

24.08.2018

Бүгін Астана мен Ақмола облыстарындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында эстрада жұлдыздары мен көпшілікке танымал адамдар жұмыс істеді. Дәл осындай игі акция Алматы қаласы мен Алматы облысында да басталды. Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын көрсету. Ел алдында жүрген әртістер арқылы халықпен араласу, мемлекеттік қызмет көрсету барысында оларға көмектесу сияқты жұмыстардың қыр-сырын ашу. Сондай-ақ, электронды форматта атқарылатын жұмыстарды насихаттау көзделген.   

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында эстрада және телеарна жұлдыздары қызмет көрсетті. Акцияға қатысқандардың  ішінде Қыдырәлі Болманов, Құрмаш Маханов, Шахаризат сынды әншілер бар. Олар күні бойы келушілерге түрлі құжаттар алуға, оларды рәсімдеуге көмектесті.

Алматыда өнерпаздар келушілерге мемлекеттік қызметтерді онлайн алу жолдарын, цифрлық қызметтердің артықшылықтарын көрсетіп, қоғамдық қолжетімділік пунктерінен анықтамалар алуды үйретті. Ал, қызмет алушылар танымал азаматтардың қолынан анықтама алып қана қоймай, осы мүмкіндікті пайдаланып, естелікке фотоға түсіп, емен-жарқын әңгімелесті.

Сәкен Жамбылбай, қала тұрғыны:

- Жаңа оқу жылына анықтама алуға келіп едім. Маған оны Айжан Нұрмағанбетова берді. Осындай игі шараның өтуі тосынсый болды.

Қазір Мемлекеттік қызметтерді орталыққа келмей-ақ электрондық үкімет порталы арқылы онлайн алуға қажетті жағдай жасалған. Ол үшін интернет желісіне қосылсаңыз болғаны. Бұл біріншіден уақытты үнемдесе, екіншіден жұмысты жеделдетеді. Жалпы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 27 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Оның 65 пайызы сандық форматтағы қызметтер. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу