Жұртшылық көмек қолын созып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жұртшылық көмек қолын созып жатыр

25.06.2019

Кешелі бері еліміздің түкпір-түкпірінен Арыс тұрғындарына көмектесу шаралары басталып кетті. Қазір жарылыстан зардап шеккен аймаққа жан-жақтан жүк тиелген көліктер ағылып жатыр. Көмек қолын созғысы келген азаматтар әлеуметтік желіде әлі де жәрдем шараларын ұйымдастыруды тоқтатқан жоқ. 

 

Еліміздің Бас қаласында бірнеше бөлім ашылды. Түске дейін  келушілер көп бола қоймапты. Есесіне, кешке қарай, яғни  жұмыс уақыты біте салысымен көмек берушілер саны артқан. Олар азық-түлік, киім-кешек әкелген. Көбі балалардың киімі. Еріктілер оларды жасына қарай ажыратып жатыр. «Тарату кезінде қиындық тудырмас үшін қораптың сыртына неше жастың киімі екенін көрсеткеніміз дұрыс»,- дейді.

 

Арай Ардабаева, «Астан-Арбат» үйлестірушісі:

 

Менің бірінші көргенім жоғалған балалар. Соны көріп жылап алдым. Не сезіп жатыр екен ол балалар деп. Қалай оларға көмектессе болады деп ойладым.  Үйде отыра алмадым. Фейсбукке де пост жаздым. Достарыма «киім жинайық, кімде не бар, Арысқа жіберейік»,- деп жаздым. Өте көп адам маған жаза бастады. Қайда жинаймыз дедім. Өзіміз ақша жинап машина жалдаймыз да беріп жібереміз деп.

 

Сырбойылықтар да бір кісідей жұмылып, Арыстағы ағайынға көмек қолын созуда. Барлық аудан, үкіметтік емес ұйым мен белсенді жастар, кәсіпкерлер атсалысты. 15 тонна күріш, 10 тонна ұн, 5 тонна қарақұмық, бір жарым тонна сүт өнімдері жөнелтілді. Бұған қоса 2 мыңнан астам қызылордалық бір күндік жалақыларын арнайы есепшотқа аударады.

 

Ержан Байтілес, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

 

Бұл бір түнде жиналған зат. Біз әлі де Қызылорда облысының атынан 5-6 камаз құрылыс материалдары болсын, қажетті заттың барлығын сондағы ағайынға жеткізіп беруге ниеттеніп отырмыз. Бұл да болса елдің- елдігін көрсететін, біздің сындарлы сәтте сыр бермей, өзіміздің халықтығымызды танытатын бір ұйымшылдықтың көрінісіндей болған іс болып тұр.

 

Маңғыстауда да «Nur Otan» партиясының облыстық, аудандық және ауылдық  филиалдарында гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылды. Онда Арыс қаласының тұрғындарына қажетті тұрмыстық заттар мен азық-түлік жиналған. Бұған қоса, партияның облыстық филиалының ұжымы бір күндік жалақыларын аударды. Өңір жастары мен кәсіпкерлер де қаржылай көмек көрсетеді. 

    

Елубай Әбілов, «Nur Otan» партиясы маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

 

Барлық мекеме жұмысшылары, мекемелер, тұрғындар, бізде гуманитарлық көмек қабылдау пункті жұмыс жасап жатыр, сондықтан кімде- кім, қандай көмек беретін болса, келіп, көмектерін беруге болады. Мен маңғыстаулықтарды өзімнің партияластарымды, бастауыш партия ұйымдарын осы Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсетуге шақырамын.

 

Жамбылдықтар да белсенді. Кешелі бері 200 тоннаға жуық  азық-түлік жиналған. Жарылыс кезінде зақымданған тұрғын үйлерді қалыпқа келтіруге 60 тонна құрылыс материалдары бар. 10 тонна ұн, 10 тонна қант, 18 мың дана жұмыртқа, 1,5 тонна тауық еті, 1 тонна сүт өнімдері тиелген көліктер жолға шығып кетті.  Бұдан бөлек медициналық қызмет көрсету үшін облыстан дәрігерлер Арыс қаласына жіберілді.

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу