Арыстағы апаттан зардап шеккен ағайынға Алматылықтар көмек қолын созып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстағы апаттан зардап шеккен ағайынға Алматылықтар көмек қолын созып жатыр

25.06.2019

Бірнеше жерде арнайы кеңсе ашылып, олар кешеден бері тамақ, су, киім-кешектер мен төсек-орындар жинауға кірісті. Ал, кейбір азаматтар арнайы есепшот арқылы ақша жинастыруда.

Бұл Жандосов көшесі 55/3 мекен-жайында орналасқан «Мен Алматылықпын» қоғамдық қозғалысының кеңсесі. Белсенділер гуманитарлық көмек жинап жатқандарын түрлі әлеуметтік желілер арқылы хабарлаған. Соны естіген тұрғындар жан-жақтан келіп жатыр.

Әйгерім Исаева, қала тұрғыны:

Өзімді сол кісілердің орнына қойып көрдім. Бұл шыныменде қиын сәт. Осындай кезде көмек қолын созу әрқайсымыздың парызымыз.

Азаматтар әр түрлі заттарды әкеліп, тапсыруда. Олардың ішінде ішер ас, сусын, құрғақ тағамдар мен жылы көрпе-төсек, киім-кешектер, тұрмысқа қажетті дүниелер де бар.

Константин Авершин, «Я-Алматинец» қоғамдық қозғалысының басшысы:

Қазір үйін тастап қашқан Арыстық ағайынның жағдайлары өте ауыр. Тіпті, далада қалған кейбір тұрғындардың күн ыстықта қиналып жатқанын көріп, біліп отырмыз. Сондықтан, оларға біздің көмек,қолдауымыз қажет. Сол себепті, Алматылықтардың барлығын шама-шарқынша жәрдем беруге шақырамыз.

Қайырымдылық қанымызда бар қасиет. Төтенше жағдай кезінде қоғам болып жұмыла көтерсек, жүк жеңілдейді, дейді белсенділер. Сондықтан, еріктілер бүгін, ертең және бүрсігүні де халықтан жылу жинауға әзір. Ал, олар алғашқы жүк көліктерін ертең Арысқа жөнелтпекші.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу