Маңғыстау облысында бекіре тұқымдас балық фермасы ашылды

10.07.2014
Маңғыстау облысында  бекіре тұқымдас балық фермасы ашылды

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында бекіре тұқымдас балық фермасы ашылды. Осылайша, өңірде тұңғыш рет еліміздің Қызыл кітабына енген балық түрін өсіретін өнеркәсіп ашылды.

Құны - 600 миллион теңгеге жуықтайтын жоба мемлекеттің қолдауымен іске асып отыр.

Бұл- Маңғыстауда бекіре тұқымдас балық шаруашылығын дамыту үшін жасалған алғашқы қадам.

Қызыл кітапқа енген балықтарды қолда өсіру оңай емес, әрине.

Атырау мен Алматы облыстарының табиғи жағдайында өскен балықтар Каспийдің тұщы суына бейімделіп жатыр.

Мына хауыздарда 3 500 данаға жуық шабақ жүзіп жүр. Осылардан жылына 60 тонна балық етін өндіру жоспарланған.

Тұрсынгүл Жақыпова, «Бекіре-Аралды» фермасының басшысы:

Үлкен балықтар 2015 жылдың басында өнім бере алады. Елбасының қолдауымен үлкен жобалар іске қосылып жатыр. Қазір кәсіпкерлерге, еңбек етемін дегендерге жол ашық.

Мемлекет қолдаған жоба аясында жергілікті халыққа жұмыс көзі табылды. Фермада 25 адам балық күтімімен айналысады. Олар кезекпен таңғы 6-дан түнгі 12-ге дейін еңбек етеді.

Жазира Әбіл, тілші:

Салмағы небәрі 5 грамм болатын мына балықтарға күніне 10 рет жем беріледі. 2 жылдан соң олар үш келілік үлкен балыққа айналады.

Сирек кездесетін сұрыпты шабақтарға Еуропаның заманауи техникасымен бабы келісті болатынына дау жоқ. 

Оларға жем Ресейден жеткізіледі. Кәсіпорынның инфрақұрылымы толықтай шешілген.

Темірбек Асауов, Түпқараған ауданының әкімі:

«Жол картасы» бағдарламасы аясында инженерлік инфрақұрылымдарға, газ тарту, электр, жол мәселелеріне қаражат бөлініп, мемлекет тарапынан көмек берілді.

Кәсіпорынның негізгі мақсаты - бірінші кезекте ішкі нарықты балық өнімдерімен қамту. Шаруашылық ісі әбден өріс алғанда,  отандық тауарды  шетелдерге де экспорттау көзделген.

 

Жазира ӘБІЛ

 

Хабарламаларға жазылу