Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көліктердің жартысына жуығы әбден ескірген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көліктердің жартысына жуығы әбден ескірген

06.06.2019

Шаһардың шеткері аудандарында тұратындар автобусты жарты сағаттап күтетіндерін айтады. Қала билігі мәселені шешуге барынша тырысып келеміз дегенмен, әзірге нәтиже аз болып тұр. 

Ақтөбедегі қоғамдық көліктердің 40%-ы әбден ескірген. Бұл өз кезегінде көлік жүргізушілеріне де қиындық тудырып отыр. Себебі, олар уақыттарының көбін техниканың ақауын жөндеумен өткізіп алады екен.

Бұл Заречный елді мекеніне қатынайтын 17-інші бағыттағы автобустар. Көліктер әбден ескірген. Жүргізушілер «жүргеннен тұрғанымыз көп» дейді. Алайда өздері жұмысымыздан айрылып қаламыз деп, мәселені ашық айтуға қорқады.

Мөлдір Нұрмағамбет, кондуктор:

Талай ғасырлардан бері келе жатқан автобустарға ұқсайды, түріне қарасаң. Сондықтан да жаңа автобус беру керек. Жаңа автобустар болса, ондай болады.

Ал 50 мың адам тұратын «Нұр Ақтөбе» ауданының халқы «қоғамдық көліктерді жарты сағаттап күтеміз» дейді. Автобус келгеннің өзінде орын болмай, кейбірі қалып қойып жатады. Соңғы жылдары қатарға қосылған жаңа автобустардың өзінде мүгедектер мен балалардың еркін мініп-түсуіне жағдай жасалмаған.

Алмагүл Оразова, қала тұрғыны:

Транспорт өте аз. Бізге 51-дің маршрутын күшті ғып істеп берсе екен. Жаңа, міне, алдымда кетіп қалды. Енді жарты сағат отырамын оны күтіп.

Разия Ералина, қала тұрғыны:

Бала бақшаға бала апарғанымызда орын болған жоқ. Баламызды жылатып, еңіретіп, шаққа апардық балабақшаға. Енді міне, тағы жоқ. (Қанша күтіп тұрсыз?) Жарты сағат болды келгеніме, міне, тұрмын.

Қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу жұмысы да кешеуілдеп тұр. Ал жауапты мамандар мұндай олқылықтардың орнын толтыруға барынша тырысып жатырмыз дейді.

Руслан Төреғали, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

Пилоттық режимде электрондық билет жүйесін енгізген болатынбыз 46-ыншы маршрутқа. Жалпы, электронды билет жүйесін жыл соңына дейін енгізуді жоспарлап отырмыз. Кейбір автобустардың ақауына байланысты аралық уақыттар ұзарып кетіп отыр. Бірақ  оны бақылауға алып, автобустарды қолға алып, интервалдарын ұзартпауға жұмыстар атқарылуда.

Мамандар жыл соңына дейін жаңадан 150 автобус алу жоспары барын айтты. Халық көп шоғырланған аудандар анықталып, ол жерлерге қосымша көліктер жіберу мәселесі қаралып жатыр.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу