Сарайшық қаласы қараусыз жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарайшық қаласы қараусыз жатыр

03.06.2019

Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшық қаласының аумағы  бүгінде қараусыз жатыр. Республикалық маңызға ие тарихи орынның айналасы қоршалмаған. Соның кесірінен, жер астынан аршылған шаһар бөліктерінің бірқатары бүлініп, құрудың аз-ақ алдында тұр. Ашық аспан астында аңғал-саңғал болып жатқан көне мекен қамқорлыққа зәру. Әзірге бар үміт жергілікті билікте. 

Диаметрі 95 см болатын бұл тас диірмен сол кездегі халықтың тұрмысынан хабар береді. Бір бөлігі көлік жолында жатқандықтан, опырылып қалған. Қорғансыз һәм қоршаусыз жатқан қала орны дәл осылай тұра берсе,  қалған жәдігерлер де құрдымға кетуі мүмкін. Археологтар  осылай деп дабыл қағуда.

Амангелді Зайнов, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының ғылыми қызметкері, археолог:

Балалар немесе осы қаланың орнын көруге келушілер қабырғаларын бұзып кетеді. Тастарын құлатып кетеді.Тиісті қаржы бөлініп, осы жер толықтай қоршауға алынса, Сарайшық қаласына қатысты үлкен бір мәселе шешімін табар еді.  

Шахар орнынан 4000 мыңға жуық жәдігер табылған. Өткен жылы тарихи орынды көру үшін 12 мыңнан астам адам келген. Реставратор маманның аздығынан қаланың көп бөлігІ әлі де бұғып жатыр.

Бұл Орта ғасырлық көне Сарайшық шаһарының бір бөлігі ғана. Бүгінде қайта қалпына келтіріліп, келушілер назарына ұсынылуда. Арxеологтардың болжамынша, дәл осындай қала орны 70 гектар аумақты алып жатқан көрнеді.

Бүгінде археологтар орыс топографы Алексеевтің 1861 жылы жасаған картасын негізге алып барлау жүргізуде. Олар шаһардың орталық бөлігін табамыз деп үміттенеді. 

Айбек Тұрарұлы, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының ғылыми қызметкері, археолог:

Қазба орнынан үй қабырғасы мен ғимараттың қабырғасы табылып жатыр. Енді алға қарайда осы қазбаны тереңдетіп, аумағын үлкейтіп, нәтижелі болады деп ойлаймын.

Ұзындығы 10, ені 8 шақырымға дейін созылып жатқан көне қаланы айналдыра қоршау - маңызды шаруа.  Жергілікті билік осы бағытта құны 198 миллион теңге тұратын жоба әзірлеген. Мәселе қаржыға тіреліп тұр. Жұмыстың қашан басталары белгісіз.

Мұхамбетқали  Кипиев, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысы:

Жергілікті бюджеттен қаржы болмаған жағдайда бұл мәселені, ҚР-дың Мәдениет және спорт министрлігінде де шешуге болады деп есептейміз. Себебі қазір Сарайшықтың басында құрылған музейлік қор, бұл тікелей министрлікке қарайды.

Сарайшық қаласын қайта қалпына келтіру –  өңір туризмін дамытудың негізгі тетігі.  Осыған орай, талай сырды ішіне бүккен сары даланың төсінде «Сапар» орталығы салынады деп жоспарлануда. Осылайша, заманында 7 хан билік құрған көне шаһардың екінші ғұмыры басталмақ.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу