Көне Сарайшық қалашығындағы жәдігерлер жоғалып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көне Сарайшық қалашығындағы жәдігерлер жоғалып барады

18.03.2021

Атырау облысындағы көне Сарайшық қалашығының аумағы қоршаусыз жатыр. Тарихи орын көлікке тапталып, аяқ асты болған. Жер астынан аршылған шаһар бөліктерінің бірқатары бүлініп, құрудың аз-ақ алдында тұр. 700 жылға жуық тарихы бар орта ғасырлық қаланың бүгінгі күйін Жандос Темірғали жеткізеді.

Қасым ханның тұсында Қазақтың астанасы болған көне қаладан қалған қорым қазір тек ғаш бұтағымен ғана қоршалып тұр. Қазба орнындағы қоршау бірнеше жыл бұрын ұрланған. Кінәлілер сол күйі табылмады. Зардабы тарихи орынды құрдымға кетіріп барады. Оған дәлел, 2 жыл бұрын табылған диаметрі 95 см болатын тас диірмен. Жәдігердің бір бөлігі көлік жолында жатқандықтан, опырылып қалған.

Айбек Тұрарұлы, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының ғылыми қызметкері, археолог:
Бір жақ жанымен көліктер жүрген де уатылып кеткен. Соны біз қазіп шығардық. Уатылған жерлерін кері қалпына келтіру қиын. Ауыр тастарды клейлей алмайсың. Қиындау.
Әбілсейіт Мұхтар, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры:
Ашық-шашық жатқаннан кейін, оған ауылдың кез келген адамы еркін кіріп шығады. Қоршау аймағы жүзеге аспайынша, бұл жердегі жұмысты нәтижелі жүргізу мүмкін емес.

Шаһар орнынан 4000 мыңға жуық жәдігер табылды.Заманында жеті хан билік құрған қалашық орны шамамен 50 гектарды алып жатыр. Атшаптырым аумақты бір ғана адам қарауылдап жүр. 3 км-дей жерді қоршау аудандық әкімдікке жүктелді. Жұмыстың қашан басталары белгісіз. Шаруа әлі қағаз күйінде ғана қалып тұр. 2-3 жыл бұрын құны 198 млн теңге тұратын жоба әзірлеген еді. Алайда, қаржылық қолдау таппай, мерзімі өтіп кетті.

Нұрғали Аруев, Махамбет аудандық мәдениет бөлімінің басшысы:
Сарайшық музей қорығы нақты сметасын жасатып қоршалатын аумақтың есебін шығарып, аудан әкімдішгіне ұсыныспен шығу керек. Содан кейін нақты жұмыстар атқарылатын болады.

Археологтар қазір орыс топографы Алексей Алексеевтің 1861 жылғы картасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Әзірге болжамдар дәл келіп тұр.

Сарайшық аумағын қоршау – тарихты сақтап қалудың негізгі тетігі дейді мамандар. Егер мәселе жуық арада шешілмесе, құм астындағы жәдігерлер құрып кетуі мүмкін. Олардың арасында Қасым хан жерленді делінген орын да бар...

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу