Сарайшықты сақтап қалу үшін бөгет салып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарайшықты сақтап қалу үшін бөгет салып жатыр

10.04.2024

Атыраудағы суға кетуі мүмкін ең қауіпті аумақтың бірі – Хан ордалы Сарайшық тарихи кешені. Қазір мұнда тұрғындар мен ғылыми қызметкерлер қала орнын тасқыннан сақтап қалу үшін тоқтамай жұмыс істеп жатыр. Әріптесім Жандос Темірғали көне шаһарға арнайы барды. Қазір бізбен тікелей байланысқа қосылады.

 Жандос Темірғали, тілші:

Тарихи деректерде жазылатын Ұлы су, яғни, Жайық өзені біз тұрған Сарайшықтың маңызды деген көп бөлігін қоршап жатыр. Қауіп күшті. Алаңдауға негіз бар. Өйткені, қалашық бұған дейін тасқын құрсауында бір емес бірнеше рет қалып, 30 пайызын су шайып кеткен. Қорғау аумағы 90 гектарды алып жатқан көне шахардың шамамен тек 5 пайызы ғана аршылып, 5 мыңдай жәдігер жарыққа шықты. Қазір мұнда жаспар бойынша археологиялық қазба жұмысы қызып жатуы тиіс еді. Алайда, Орынбордан көтерілген нөпір су бәрін тоқтатты. Ауылдықтар атажұртын сақтап қалу үшін жанталасып жатыр. Қазір бізбен Сарайшық тарихи кешенінің басшысы Әбілсейіт Мұхтар тілдесуге әзір. Әбілсейіт мырза, жамандықтың беті аулақ, бірақ, Сарайшық суға кетсе ұлт тарихын айшықтай түсетін қандай сенсациялардан айырылуымыз мүмкін?!

Әбілсейіт Мұхтар, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры:

Расында да Жошы ұлыс қазақтың тарихы ғана емес, әлемдік тарих. Сондықтан өз заманында әлемді билеген Жошы ұлысының тарихынан, оның ел басқару дәстүрінен, біздің ата-бабамыздың әлемді дамытуға үлес қосқанын дәлелдейтін жәдігерден айырылып қалмауымыз керек. Сарайшық қаласын қорғау - біздің басты міндетіміз. 

Жандос Темірғали, тілші:

Қалашықтың қорғау аумағында 90-дай үй-жай орналасқан. Әрі, іргедегі Сарайшық ауылында 3 мыңға жуық тұрғын бар. Сарайшықты қорғау – сол маңдағы мыңдаған тұрғынды сақтап қалу деген сөз. Қауіп күн санап күшеюде. Бүгінгі ресми мәлімет бойынша Орынбордағы Ирикла су қоймасынан Жайыққа секундына 1340 текше метр су құйылып жатыр. Бұл дегеніңіз өзен алабына сәт сайын 1 млн 340 мың литр су құйылып жатыр дегенді білдіреді. Мамандар нөпір су 15 күнде Атырауға жетуі мемкін деген болжам жасап отыр.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу