«Алжир» лагеріне тоғытылған әйелдердің өмір тарихы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алжир» лагеріне тоғытылған әйелдердің өмір тарихы

31.05.2019

20 ғасырдың басы қазақ халқы үшін қасірет-қайғыға толы, зобалаң кезең болып жылнамаға жазылды. Елінің болашағы үшін күрескен мыңдаған Алаш арыстары жазықсыз жаланың құрбаны болып, ату жазасына кесілді. Олардың жұбайлары мен бала-шағалары да қызыл империяның талай езгісіне ұшырады. АЛЖИР лагеріне тоғытылған әйелдердің өмір тарихы сол зұлматтың шынайы бейнесін көрсететіндей. Бүгін сол жердегі этномемориалдық кешенге мыңдаған адам жиналып, қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етті. 

Рысжан әже жылдағы әдеті бойынша қолына гүлін алып, мемориалды кешенге келді. Алжирде оның анасы 8 жыл бойы тұтқында болған. Сондағы бар кінәсі қуғынға ұшыраған жолдасына түрмеге тамақ апарып берген. Лагерьге барар жолда қайғыға тұншыққан әйелдің қолаң қара шашы әп сәтте аппақ болып ағарып кеткен екен. 

Рысжан Жұмабекова,  саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпағы: 

Мен автобустан түскеннен көз жасымды тоқтата алмадым. Әлі күнге дейін келіп, әке-шешемнің анау жазуына барып, ішім бір түрлі күйеді Әрине үлкен қайғы. Ешқандай ешнәрсе істемеген.

Бүгін бұл жерге мыңнан аса адам келіп, аза тұтты. Репрессияның салқыны осында келген әр отбасын шарпыған. Көздегі мұңның артында көл боп төгілген жас пен қасіретті тағдырлар жатыр.

Жансейіт Түймебаев, Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:

Сол заманда қазақ халқының қаймағының қырылып кетуі біздің ұзақ ондаған жылдар бойғы қазақ елінің дамуына, әлеуметтік-саяси жағынан, экономикалық дамуына үлкен соққы болып тиді.

Қуғын сүргінге ең әуелі ұлт зиялылары мен Алаш партиясының мүшелері ұшырады. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 25 мыңнан аса адам ату жазасына кесілген.

Қайырбек Кемеңгер,  Қошке Кемеңгерұлының немересі:

 Біз секілді дүниеге келмей кеткен қаншама шейіт кеткен жандар бар ғой. Мәселен Смағұлдың 16 жасар Ескендірі, Сәкеннің 2 жасар шетінеп кеткен Аяны. Олардан тұяқ қалған жоқ. Ал бізге құдай осы жарық дүниені көруді нәсіп етті. Кейінгі ұрпаққа, кейінгі буынға жеткізуіміз керек.

1921-1954 жылдары аралығында бүкіл Кеңес Одағы бойынша жазалау лагерьлерінде 4 миллионнан аса адам тұтқында болған. Ал Қазақстанда 11 лагерь жұмыс істеген. 

Кеңестік кезеңнің кеңеспей кесетін сұрқия саясатынан жүз мыңнан аса адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Ал ГУЛАГ лагерлері бұл тұтас халықтың үрейі мен қорқынышының ордасы десек болады. Оның салқыны әлі күнге сезіліп тұратындай. Ал бүгінгі ұрпақ сол зұлматты кезеңде қуғынға ұшыраған бабабалары ешқашан да ұмытпайды.

Хабарламаларға жазылу