Жоғары білімді мыңға жуық жас маман үлкен өмірге жолдама алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жоғары білімді мыңға жуық жас маман үлкен өмірге жолдама алды

31.05.2019

Бүгін Назарбаев университетінің бесінші легі оқуын тәмамдады. Салтанатты шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, ең үздік академиялық үлгерім көрсеткен түлектерге өз қолымен дипломдарын табыстады. Биыл Назарбаев университетін 963 түлек аяқтап отыр. Олардың қатарында бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламасын аяқтағандар мен медицина докторлары да бар.  

Бұлар – еңбек нарығына қазір аса қажет мамандар. Өйткені олар ғылым мен технологияны, жоғары бизнес, саясат, инженерлік саланы толыққанды меңгеріп шықты. Сондықтан түлектер жұмыс іздеп көп жүрмейді. Керісінше, жұмыс берушілер оларға келеді. Себебі де түсінікті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы:

Тәуелсіздік жылдары ішінде көптеген жасаған шаралардың ішіндегі ең бір жақсысы да, қажеттілігі де осы Университет болды деп санаймын. Бұл ата-аналар студенттер үшін мерейлі сәт деп санаймын. ЖОО-нын бітіріп отырған барлық жастарды шын жүрегімнен құттықтаймын.  Қысқа мерзім ішінде оқу ордасы халықаралық беделдегі оқу орындарының қатарына қосылғанын бәріміз білеміз. Қазір университет заманауи білім беру жүйесін қалыптастырып, еліміздегі ЖОО-ның көшін бастап келеді. Осы универге қарап бәрі жол түзейді, осындай болса екен деп ойлайды. 

Қоғамда Назарбаев университетіне қалталылар ғана түсе алады деген түсінік бар. Бірақ, бұл қасаң пікірдің қате екенін уақыт көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы: 

Алыстағы ауыл-аймақтардан балалар келіп, Назарбаев мектептеріне оқуға түсіп жатыр. Бірақ, осы мектеп, жоғары оқу орындарына қатысты сын-пікірлер де бар. Бұл мүлдем дұрыс емес. Еліміздің барлық оқу орындары транспорентті болуы керек.

Әлемнің ең үздік оқытушы, профессорлары дәріс беретін оқу ошағын осы уақытқа дейн 2500-нан астам түлек тәмамдады. Олардың 60 пайызы ел дамуы жолында табысты еңбек етіп жатыр. Стартап, бизнес-жоба ойлап тауып, қазақстандықтарға жаңа жұмыс орындарын ашып отырғандар да осылар. Бірқатары халықаралық ірі компанияларда жұмыс істеуде. 29 пайызы оқуларын жалғастыруда. Ал биыл тұңғыш рет университетте бірқатар түлек медицина мамандығын алып шықты.

Илисоми Адессида, Назарбаев Университетінің Профессоры:

Олар кәдімгі дәрігер докторлар. Осы қыркүйекте практикаға қатысып, еңбекке кірісе алады.  Бірақ, бұдан соң да оқуларын жалғастырулары тиіс. Биыл 14 түлекті ұшырдық.

Бүгінгі түлектердің 40 пайызы әлемнің жетекші оқу орындарынан шақырту алыпты. Әрі қарай білімдерін шыңдауға үмітті. Оқулары аяқталған соң Отанға оралып, бәсекеге бейімді жастар елдің өсіп-өркендеуіне көш салулары қажет.

Азат Әміралин, Назарбаев Университетінің түлегі:

Инженерия мамандығы Қазақстанға керек. Өйткені барлығымыз білеміз бізде пайдалы қазбалар көп. Бірақ оларды дұрыс қолдана алмай жатырмыз. Сондықтан химия, механика салалары бүкіл жақта керек болады. Бізге берген білімді пайдаланып, Қазақстанның экономикасын, инфраструктурасын пайдалануымыз керек.

Осымен Назарбаев университеті шәкірттерінің бесінші легін ұясынан ұшырды. 

Университет түлектерінің салтанатты шарасынан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атлетика орталығының ашылу рәсіміне қатысты. Төрт қабатты спорт орталығы оқу ордасының жанында орналасқан. Ішінде балалардың спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Кешеннің бес аспабы түгел. Ең кереметі - 19 мың шаршы метрді алып жатқан алып хауыз. Мұнда болашақта Олимпиада жүлдегерлері дайындалады. Бұдан бөлек ғимараттың жоғарғы қабаттарында жаттығу залдары, жекпе жек алаңдары және жаттықтырушылар мен төрешілердің арнайы бөлмелері орналасқан. Нұрсұлтан Назарбаев жекпе-жек залында өтіп жатқан оқу-жаттығу ойындарын тамашалады.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу