Назарбаев университетінің бесінші легі оқуын тәмамдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Назарбаев университетінің бесінші легі оқуын тәмамдады

02.06.2019

Қоғамда «Назарбаев университетіне тек қалталылар ғана түсе алады» деген түсінік бар. Бірақ, ол пікірдің жаңсақ екенін уақыт көрсетті. Назарбаев Университетінің үздік түлектеріне диплом тапсыру салтанатына қатысқан Елбасы осылай деді.

Жұма күні жоғары білімді мыңға жуық жас маман үлкен өмірге жолдама алды. Назарбаев университетінің бесінші легі оқуын тәмамдады. Олардың қатарында бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламасын аяқтағандар мен медицина докторлары бар. Бұлар – еңбек нарығына аса қажет мамандар. Өйткені, олар ғылым мен технологияны, жоғары бизнес, саясат, инженерлік саланы толық меңгеріп шықты. Сондықтан бұл түлектер жұмыс іздеп көп сабылмауы тиіс. Әлемнің ең үздік оқытушы, профессорлары дәріс беретін Университетті осы уақытқа дейн 2500-нан астам түлек тәмамдады. Олардың 60 пайызы ел дамуы жолында табысты еңбек етіп жүр.

Салтанатты шарадан кейін Елбасы Атлетика орталығының ашылу рәсіміне қатысты. Мұнда балалардың спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған. 4 қабатты спорт орталығы оқу ордасының жанында орналасқан. Ең кереметі – 19 мың шаршы метрді алып жатқан алып хауыз. Мұнда болашақта Олимпиада жүлдегерлері дайындалады. Бұдан бөлек ғимараттың жоғарғы қабаттарында жаттығу залдары, жекпе жек алаңдары және жаттықтырушылар мен төрешілердің арнайы бөлмелері бар.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу