Бұл - оларға жалақы төлеудің жаңа жүйесі бойынша берілетін бонус. Еңбегінің жемісін көргендердің сапында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары да бар.
Гүлнұр табан асты табысқа кенелді. Ол жыл бойғы жұмысының жемісі ретінде 2 млн теңгеге жуық бонус алды. Бұл өзінің екі ұлынан басқа тағы қос баланы қамқорлығына алған ана үшін үлкен көмек болыпты. Енді пәтер мәселесін жеделдетіп шешіп алмақшы.
Ал, Бағдат жыл қорытындысында «өте жоғары қызмет атқарды» деп бағаланған. Соған сай үстеме ақысын алып, қуанып отыр. Ол елордаға Қызылордадан тағылымдамадан өтуге келген.
Бағдат Әбдіқадыров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы:
- Аймақтағы қызметкерлерге өзінің тиімділігін берді десек болады. Олай дейтінім орталық аппараттағы қызметкерлер мен облыс департаментіндегі мамандар арасындағы айлық жалақы айырмашылығын өзгерту. Бүгінгі таңда 10 пайызға қысқарды. Және бұл өңірлерде мамандарды ұстап тұруға септігін тигізеді деп ойлаймын.
Жыл соңында бонуспен ынталандыру әдісі 6 мемлекеттік органда енгізілді. Ішіне әкімдіктер де кіреді. Бірақ әзірге сынақ жүзінде. Жаңа жалақы жүйесінде – мерекелік сыйақылар мүлдем берілмейді. Бірақ ай сайынғы еңбекақы 30-дан 60%-ға дейін өсті. Бұған қосымша манағы айтқан – бонус бар. Мұны алу үшін тек нәтижелі еңбек ету керек.
Айгүл Шайымова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:
- Қазіргі кезде бонустың қорын да анықтадық. Орташа көлеммен ол 5 оклад құрды. Сомасын айтсақ 1 млн 200 мың теңге. Енді өте жақсы деген 2 млн 500 мың теңге көлемінде болады.
Ал төмен баға алғандар бонус тұрмақ, жұмыстан да айырылады. Өйткені кәсіби мемлекеттік аппарат құру үшін әділ әрі адал қызметкерлер ғана қалуы тиіс.
Нысаналы ЫҒЫЛ