Ақтөбеде жасыл желек оталып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде жасыл желек оталып жатыр

14.05.2019

Ақтөбенің табиғат жанашырлары жергілікті биліктің әрекетіне наразылықтарын білдірді. Олар ағаштардың оталып жатқанын, жаңа көшеттерді отырғызуға ешкімнің құлқы жоқ екенін айтады. Бұлай жалғаса берсе, сүйікті қаламыз жасыл желексіз қала ма деп алаңдайды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Бұл жерде 30-40 жыл бойы жайқалып өсіп тұрған мыңдаған ағаш кесілген. Міне, діңгектері тау-тау болып үйіліп жатыр. Жергілікті табиғат жанашырлары мұны «туған қаламызға жасалған үлкен қастандық» деп бағалап отыр.

Жергілікті билік өкілдері қала орталығындағы жасыл желектің орнына заман талабына сай демалыс саябағын салмақ ниетте. Қазір қызу жұмыс жүріп жатыр. Белсенді топ мүшелері ауыр техникалар Сазды өзенінің жағасындағы жас шыбықтарды таптағанымен қоймай, бұлақтардың да көзін жауып тастады деп ашынады.

Әлібек Мағауин, қала тұрғыны:

- Бұлақтарды көміп жатыр, талдарды қиратып жатыр. Бұны білмейтін адам кескен. Себебі білетін адам кескенде бұлай етпес еді. Жыл сайын жаңа бұтақ шығады, соған тиіспеу керек еді.

Жыл басында тұрғындар қала маңындағы 8 өзен арнасының да кеңейтіліп, ағаштардың оталып жатқанына наразы болған еді. Олардың шағымы ескеріліп, жасыл желекті отауға тыйым салынды. Дегенмен, қазір ірі өзендердің өзінде су жоқ. Мамандар бұл жығылғанға жұдырық болып отырғанын айтады. Ал, әкімдік өкілдерінің пікірі басқа.

Дастан Әжібаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Жағажайда өсіп тұрған ағаштар бойынша кесу тоқтатылды. Жобаға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Судың барлығы қайта қалпына келеді. Бұл жұмыстар әлі біткен жоқ. Біту мерзімі – келесі жыл.

Былтыр қала аумағына 13 мың көшет отырғызылған. Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, оның бес пайыздайы ғана өспей қалған. Ал, биыл ағаш егу жұмыстарына қазынадан көк тиын да бөлінбепті.

Ерболат Қожықов, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:

- Талды өсірудің өзі бізге өте қиын шаруа. Сондықтан тиісті мемлекеттік органдар шара қолдануы керек деп ойлаймын. Заңмен қарастырылған шаралар бар ғой, қолдану керек. Ойлаймын, мердігер компанияның қателігі деп.

Жасыл желекті қорғауды мақсат еткендер «Тұншықпа, Ақтөбе!» деген бірлестік құрып үлгерді. Құрамында қазірдің өзінде 200-ден астам адам бар. Белсенділер қаланы көгалдандыруға өздері бел шеше кірісуге дайын екендерін білдіріп отыр.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу