Орман оталып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орман оталып жатыр

28.06.2018

Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Қанай би ауылының тұрғындары елдімекен айналасындағы орманның оталуына қарсы. Бұл аймақты,әсіресе, қарағайлы, қайыңды алқаптар алып жатыр.

Оның үстіне Кіші Түкті орман шаруашылығына қарайтын орманның бір бөлігі жалға берілетінін естіген жұрттан әбден маза қашты. Мән-жайды Ермек Елберген анықтады.

Ағашты отын қылып бұрыннан қолданып келе жатқанымен,  ауыл тұрғындары мұндай жаппай аяусыз отау деген болған емес, - деп отыр.

Жанбатыр Баймендин, ауыл тұрғыны:

Осы пасадкада кезінде жұмыс істегенбіз, бала кезімізден бастап. Еккен қарағай, қайыңдар әлі мысалы бір адамның ғұмыры жетпейді оның жетілуі үшін. Жаңадан тендермен ұтып алған кісілер бар дейді. Мына Қарабұлақтың ағашына көз тігіп отырған көрінеді. Соларды болдырмау үшін біз шығып жатырмыз.

Қайрат Әміржанов, ауыл тұрғыны:

Мына ағаш кетсе, су кетеді. Су кеткеннен кейін біз мына жерде неменеге отырамыз?! Егінге зиян кетеді. Орман бізді қорғап тұр желден, қыста бораннан. Енді бізден кейін келер ұрпаққа қалсын деп отырмыз ғой. Келер ұрпаққа не бетімізді айтамыз?! Көрсін. Осы табиғатымыз калсын деп отырмыз.

Ал орман жекеге өтіп кетсе, тіпті күтім болмайды деген пікірде. Оған көрші ауылдарда өткен жылы болған жағдай дәлел, дейді жергілікті халық. Талап бойынша жалға алушылар 1 гектар орманды кессе, 2 гектарға тал егуі қажет. Бірақ, былтыр жұмыс істегендер бұл талапты сақтамаған.

Ермек Елберген, тілші:

Өткен жылы ғана, осы жерде орман болған. Алайда, бір жаздың ішінде осы шоқты тегісімен қырып салған. Өздеріңіз көріп тұрсыздар. Осындай ормандардың барлығын бір кадрға сыйғызу мүмкін емес. Әне, арғы беттегі ағаш та осылай кесілген. Алдымыздағы шоқтың да жоқ болып кеткені осыған нақты дәлел болып отыр.

Қанай би ауылы тұрғындарының алаңдауы бекер емес. Орман алқаптары шынымен де ұзақ мерзімге жеке меншікке жалға берілмек екен. Ол үшін тендер де өткізіліпті.

Қадір Шаймерденов, кіші түкті орман шаруашылығы директорының орынбасары:

Жалға алған уақытта ол кесетін алқаптардың барлығын қай жерден алынады, қай жерден кесіледі соның бәрін есептеп, көрсетіп беру біздің міндетіміз. Осы жүргізілетін жұмыстардың бәрі біздің мекеме тарапынан қадағаланады.

Десе де, тұрғындар жасыл желектің жекеге өткеніне қарсы. Ал, мамандардың айтқанына сенімсіздікпен қарайды.  

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу