Ауылдардың әлеуеті артуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылдардың әлеуеті артуда

14.02.2014
Ауылдардың әлеуеті артуда
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының діттеген бір мақсаты -  ауылдағы ағайынның жағдайын жақсарту. Әсіресе, болашағы бұлыңғыр елді мекен тұрғындарын ірі қоныстарға көшіріп, басына баспана беру, жұмысқа орналастыру оң шешімін тауып келеді.
 
Бұл бағдарламаның шарапатын  солтүстікқазақстандықтар да көріп,  жайлы баспанаға ие болып отыр.
 
Гүлайым Ильяшова Кішкенекөлге 2013 жылы көшіпті. Болашағы жоқ деп танылған ауылдан келген ол   жаңа да жайлы үйге ие болды. Бұған қоса балабақшаға жұмысқа орналасты.
 
Гүлайым Ильяшова, ауыл тұрғыны: 
Үйіміз жылы. Отбасымызда 4 адам бар. Жолдасым «Астық нанда» механизатор. Қызым да сонда жұмыс істейді. Ұлым жуырда әскерден келді. Қазір жұмысқа дайындалып жатыр.
 
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 2012 жылы Кішкенекөл ауылында 20 үй тұрғызылған болатын. Көпшілікке шарапатын тигізген бұл үрдіс былтыр одан ары жалғасты. Яғни, тағы да 9 үйдің құрылысы аяқталып, көшіп келушілердің игілігіне берілді.
 
Жанар Бейсембаева, Уәлиханов аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы: 
Мемлекет қаражатынан 67 миллион 662  мың теңге бөлінді. Бұл бағдарламаға 29 жасқа дейінгі жастар, жетім балалар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққандар қатыса алады.
 
Кішкенкөл ауылының орталығынан бой көтерген  бұл үйлерді тұрғындар жылы деп мақтайды. Теріскейдің қытымыр аязына лайықталып салынған. Ауызсуға дейін әр  үйдің ішіне тартылған. Сондықтан болар, жұрт  барлық жайлылықты жете сезініп отыр.
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ  

Хабарламаларға жазылу