Біріккен Араб Әмірліктерінен әкелінген 600 дуадақ Маңғыстау қорықтарына жіберілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Біріккен Араб Әмірліктерінен әкелінген 600 дуадақ Маңғыстау қорықтарына жіберілді

24.04.2019

Елімізде «Қызыл кітапқа» енгізілген дуадақ құсын көбейту жобасы нәтижесін бере бастады. Олардың табиғи мекені Маңғыстау өңірінде бүгінде 5 мыңға жуық дуадақ бар. Енді олардың қатары тағы 600- ге толықты. Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірлігі арасындағы келісімге сәйкес кеше Абу-Даби қаласынан балапандар әкелініп, Маңғыстау қорықтарына жіберілді.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

- 600 дуадақты қазір ғана Ақтауға БАӘ және Түркістан облысынан ұшақпен жеткізді. Мамандар оларды Кендірлі-Қаясан қорығына апарып ұшырады. 1 жасар балапандар шетелде инкубаторда өсірілген. Олардың өңір табиғатына бейімделуін шетелдік мамандар бақылап отыратын болады.

Дуадақтың 24 түрі болады. Ал, бұл - жиек дуадақ. Осыдан бір жыл бұрын оны жұмыртқа күйінде шетелге әкеткен болатын. Енді, міне, жасанды жолмен өсірілген балапандар туған өлкесіне қайта оралды. Мамандардың айтуынша, бұл құстардың жабайы дуадақтан айырмашығы жоқ.

Ерик Ле Нуз, құс маманы:

- Біз Маңғыстауда 2 апта болып, құстардың жерсініп кетуін қадағалаймыз. Олардың әр қайсысының үстіне арнайы құрылғы тағылған. Одан әрі Абу Дабиде отырып-ақ бақылауда ұстаймыз. Алдыңғы тәжірибеге сүйенсек, құстар бұл өңірге тез үйренеді.

Екі елдің арасындағы келісімшарт 2000 жылы жасалды. Тараптар елімізде жойылып кету қаупі бар дуадақ құсын көбейтудің жолдарын іздестіруде. Осы мақсатта Түркістан облысында питомник ашылған еді. Маңғыстауға әкелінген құстардың қауіпсіздігіне жергілікті мамандар да жауапты.

Жиек дуадақ - жыл құсы. Көктемде Маңғыстауға ұшып келіп, жұмыртқалайды. Балапан басып шығарады. Ал, күздің алғашқы салқыны түскенде жылы жаққа ұшып кетеді. Елімізде дуадақтардың санының азаюына заңсыз аулау және олар тіршілік ететін табиғи ортаның тарылуы әсер еткен. Сондықтан 2010 жылдан бері аталған құс ерекше қорғауға алынған.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу