Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісі Сухейл Матар әл-Кетбимен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісі Сухейл Матар әл-Кетбимен кездесті

11.02.2016
Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісі Сухейл Матар әл-Кетбимен  кездесті

Кездесу барысында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері ынтымақтастықтығының бүгінгі жай-күйіне және келешегіне қатысты кең ауқымдағы мәселелер талқыланып, күн тәртібіндегі өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қазіргі даму қарқынына қанағаттанатындарын білдірді. Өткен 10 жыл ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвестицияның жалпы көлемі 2 миллиард доллар болды. Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанмен арадағы тауар айналымы бойынша  шығанақтағы араб елдері арасында 1-орында тұр.

2015 жылғы қаңтар-қараша аралығында Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар айналымы 97 миллион доллар болды. Қазақстанда туризм, көлік-экспедициялық сервис, тұтынушыларға қызмет көрсету салаларында БАӘ капиталының үлесі бар 50 кәсіпорын тіркелген.

Мемлекеттік хатшы Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның араб әлеміндегі және Парсы шығанағы аймағындағы негізгі серіктесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын және еліміздің Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымын құру жөніндегі бастамасын қолдағандары үшін, сондай-ақ БАӘ Үкіметінің Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатынын растағанына ризашылығын білдірді.

Хабарламаларға жазылу