Интеллектуалды ұңғымалар аз уақыттың ішінде өз тиімділігін көрсеткен. Бірегей бастаманың арқасында қол күші сандық технологияға алмастырылды. Бір тетік арқылы басқарылатын жүйе аймақтағы «қара алтын» қорын игеруші кәсіпорындардың айнымас бағдарына айналған. Толығырақ тілшіміз Жандос Темірғали тарқатады.
Кен алаңдарына енгізілген жоба – электр энергиясын 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Ұңғымаларды жөндеуге жұмсалатын шығындарды азайтып, тәулік бойы өндірілетін «қара алтынның» мөлшерін есепке алады. Мәселен, «Ембімұнайгаз» компаниясында 43 кен орны бар. Оның 7-еуі «ақылды» жүйеге қосылған. Айналасы 4-5 жылда тағы 10 кен орны сандық әдістің тиімділігін көрмек.
Абат Құтжанов, «Ембімұнайгаз» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры
- Жерасты жөндеу аралықтарын қадағалап отырмыз, өндірісте жүрген көліктерді қадағалап отырмыз. Сол арқылы сұйық отындардың шығындарын азайтып, электр энергиясын өткен жылдың қорытындысы бойынша, 5-тен 15 пайызға дейін азайттық.
Мұнай өндірудің өзіндік құнын төмендету, жекелеген компаниялар үшін басты қағидаға айналған. Интеллектуалды кен алаңы жобасы - бұл межені бағындыратын басты құрал.
Алан Аралбаев, сандық жүйеге көшу департаментінің директоры:
- Бұл бастама - «Цифрлық Қазақстан» мемлкеттік бағдарламасының жетістігі. 2020 жылға қарай мұнай игеруші кәсіпорындардың барлығы, өндірген мұнайының көлемін сандық жүйеге сай тапсыру керек. Жүзеге асып жатқан жобаның арқасында 2025 жылға дейін ел қазынасына 56 млрд теңге пайда түседі деп көзделіп отыр.
Аталған жобаны жандандыру үшін отандық зауыттар да өз үлесін қосуда. Мәселен, мына ернеулі қысымды бақылауға арналған теңдессіз құрылғы, тек Атырауда ғана жасалады. Смарт қондырғы «қара алтын» құбырына орнатылған сәттен бастап, ғаламторға қосылып, ақпаратты сандық түрде алмасуға қауқарлы.
Вадим Авхадеев, зауыт өкілі:
- Құрылғы өз тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан ешқандай кедергі болмайды деп сендіргім келеді. Берік әрі заманауи жабдықтың елімізде құрастырылуы, мұнай-газ бағытындағы өндіріс ошақтарының дамуына мүмкіндік бермек. Бұл жергілікті мамандардың технологиялық сауаттылығын арттырады.
Мұнай - Қазақстан экономикасының күре тамыры. Жетекші салада Атырау - басты донор. Өңірдегі жиырмадан астам кәсіпорын жылына шамамен 50 млн тоннаға жуық «қара алтын» мен 20 млрд текше метрден астам ілеспе газ өндіреді. Ал, сандық кен алаңы жобасы бұл көрсеткіштерді арттырып, түсер пайданы еселей бермек.
Жандос Темірғали