Атырауда қар жауып, жұртты әуре-сарсаңға салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда қар жауып, жұртты әуре-сарсаңға салды

18.04.2019

Сәуірде де ауа райы тәуір болмай тұр. Атырауда екі күн толассыз жауған жаңбырдың соңы қалың қарға ұласты. Ауа райының қолайсыздығы жұртты әбден сарсаңға түсірді. Мектептерде сабақ доғарылды. Әуе рейстері кешіктіріліп, жолаушылар да діттеген жеріне жете алмады. Өңірден Жандос Темірғали баяндайды.

Жандос Темірғали, тілші: 

- Бұрқасын әлі басылмады. Әлекке түскен шаһар жұрты мұндай құбылысты дәл сәуір айында көрмегендерін айтады. Жауған қардың қалыңдығы 3 см-ден асады. 

Табиғаттың тосын сыйы тұрғындарды әбден тосырқатты. Қалада көлік қозғалысы қиындады. Қатты жел мен жаңбырдан жарық та сөніп қалды. Мектептерде сабақ доғарылды.

Жанат Есмағамбетова, қала тұрғыны:

- Тіпті сәуірдің ортасында осындай болады деп біз ойлаған да жоқпыз. Үйіміз суық, жылу жоқ. 

Қаладағы коммуналдық мекемелер күшейтілген режимге көшті. Көшені қар суынан тазарту үшін 60 арнайы техника мен 300-ге жуық адам жұмылдырылды. 8 тоннадан астам су сорылды

Айналдырған екі тәуліктің ішінде айлық мөлшерден 3 есеге артық жауын-шашын түскен. «Қазгидромедтің» болжамы бойынша сәуірдің суық күндері әлі алда.

Күлайна Мырзашева, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары :

- Жауып тұрған қардың соңынан температура төмендейді. Түнде аяз күтіледі. Сол аяз екі-үш күнге жалғасайын деп тұр.

Кешкілік қаладағы қарбалас тірлік қалпына келе бастады. Ауа райының қолайсыздығынан кейінге шегерілген әуе рейстері қайта жанданды. Жарықсыз қалған аудандарға электр энергиясы бүгіннен қалмай толық берілуі тиіс. Ал, аптаның соңына қарай күн 13 градусқа дейін жылиды.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу