Былтыр ғана ашылған Ақтөбедегі ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің сапасы сыр берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Былтыр ғана ашылған Ақтөбедегі ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің сапасы сыр берді

16.04.2019

Монументтің іргетасы шөгіп, гранит тақтайшалары сынған. Осылайша миллиондаған қаржы желге ұшты. Ескерткіш қашан және қалай қалпына келтірілмек? Жақсыбек Кемал анықтап келді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Бұл ескерткіш былтыр ғана пайдалануға берілген еді. Ашылу салтанатына елордадан келген мәртебелі меймандардың өзі қатысқан. Өздеріңіз көріп тұрғандай, сапасыз құрылыс қайта бұзылып жатыр.

Бұл - 2018 жылдың 31 мамыры. Жиналғандар ескерткіштің мән-мағынасы мен сапасынан мін таппаған еді. Шараға тек елордадан емес, еліміздің әр аумағынан саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың ұрпақтары жиналды. Алайда, нысанның қазіргі көрінісі адам аярлық. Он айға толмайтын уақыт ішінде іргетасы шөгіп, граниттері сына бастаған. Тұрғындар жалаңаштанып қалған белгіні көргенде абдырап қалғандарын айтады.

Жанар Қызылбалина, қала тұрғыны:

- Мұны қайта салып берсін. Міне, балалар ойнап жатыр. Демалатын жеріміз - бұл жер.

Монумент құрылысына 15 миллион теңге жұмсалған. Алдын ала байқау жарияланып, жергілікті мүсіншінің жобасы мақұлданған. Қазір мұнда қызу жұмыс жүріп жатыр. Құрылысшылар кірпіштерін толығымен қайта бұзуға мәжбүр. Мердігер мекеме ескерткішті екі апта ішінде қалпына келтіріп беруі тиіс.

Дастан Әжібаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Оған ешқандай ақша бөлінбейді. Сол салып берген мердігер мекеме қайта жаңарту жұмыстарын жалғастырады. Қанша ақша жұмсаса да, бастапқы қалпына келтіруі керек.

Қала бойынша толық болмаса да, ішінара сынып, бүлінген мұндай нысандар баршылық. Сондықтан жергілікті билік олардың барлығын қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Ол үшін бюджеттен 49 миллион теңге бөлінген.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу