Бүгін сырбойылықтар ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық ескерткіштің жанына жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін сырбойылықтар ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық ескерткіштің жанына жиналды

31.05.2019

Бүгін, қуғын-сүргін және ашаршылық  құрбандарын еске алу күні. Тарихта  өшпес таңба болып қалған күн. Сыр жұртшылығы, саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған мемориалдық ескерткіш жанына жиналып, ата-баба рухына тағзым етті. 1 минуттық үнсіздікпен боздақтарды еске алды. 

Бұл төбе  тарихта өшпес таңба болған  қанды қырғынның  куәсі. Кейбір   ұлт зиялыларының мүрдесі осында жерленген. Сондықтан да бүгін ұрпақ тағзым етіп, бас иетін қасиетті орын бұл.  Бүгін де  халықтың қарасы көп.  Қазір менің қасымда тұрған Базаркүл Жалғасбайқызының әкесі «байдың баласы» деген желеумен қуғынға ұшыраған.

Базаркүл Жалғасбайқызы,  Қармақшы ауданының тұрғыны:

1908 жылы туған  Тұяқбай баласы Жалғасбай. Ашаршылық уақытында әкесі кәнпискеленіп кеткеннен кейін бұл кісіні байдың баласы деп қудаланып, Қостанай облысы Жетіқара қаласына 15 жылға жер аударылған. Жылда осы жерге келіп, әкеміздің рухына бас иіп, гүл қоямыз.

Голощекиннің «Кіші Қазан» төңкерісінен сол кездегі солақай саясаттың қанды соқпағынан 103 мың  адам қуғын-сүргінге ұшыраса, 25 мың зиялы қауым өкілдері ату жазасына кесілді.   Соның ішінде 4 500-і сырбойылық еді. Арада қанша жыл өтсе де ол жара әлі жазылған жоқ.    Қанқұйлы  кезеңнің  қасіретін ұмытпай, ақиқатына терең мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақтың парызы.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу