Өскеменде оқушылар мектепке жету үшін Ертіс өзенін ескекті қайықпен кесіп өтуге мәжбүр. Қала шетіндегі су электр станциясы бөгетінің арғы бетіндегі жүздеген отбасының қалаға осылай қатынап жүргеніне талай жыл болды. Үлкен өзеннің жағалауы мен тау шатқалындағы үйлерге құрлықпен де жетуге болады, бірақ жол азабы тұрғындарды әбден діңкелетіп болған. Берік Көшербайдың репортажы.
Ағайынды Вика мен Артемнің көрген күні осы. Оларды әпкесі күн сайын Ертіс өзенінің сол жағалауынан Өскеменге ескекті қайықпен жеткізеді. Бұл жақтағы балалар біраз ер-жеткен соң қалт-құлт еткен қайықпен өздері де ары-бері қатынай береді.
Артем Соколов, 10 жаста:
Мен Ертіс өзенінен күнде қайықпен өтемін. Сосын аялдамаға барып, автобуспен мектепке дейін жетемін. Жаңбыр болғанда көп қорықпаймын, бірақ қатты жел соғып, бұршақ жауғанда сабаққа бармай қаламын.
Алып су бөгетінің арғы бетінде 500-ден үй бар. 200-ге жуық отбасы бұрынғы саяжайды паналап, осында жыл он екі ай тұрады. Кейбір тұрғындар қалаға су бөгетінің үстіндегі көпір арқылы қатынайды. Бергі беттегі бірінші аялдамаға дейін 7-8 шақырым жаяу жүруге шамасы келмейтіндер Ертіс өзенінен қайықпен өтеді.
Ирина Соколова, Водный кентінің тұрғыны:
Ағамның 5 баласы бар, ең кенжесі 1,5 жаста. Ал үлкендері мектепте оқиды. Олардың екеуі интернатта білім алып жатыр, ал басқаларын мен осылай күнде арғы жағаға жеткізіп, кейін күтіп аламын. Сүт сататын адамдарды да өткіземін.
Қайықпен бір рет өту үшін 200 теңге төлеу керек. Жекеменшік қайығы барлар қалаған уақытында ары-бері жүре береді. Жағаға жеткенде көліктерін құлыптап, қаңтарып қояды.
Берік Көшербай, тілші:
Бұрын бұл жақтағы ел-жұртқа ГЭС-тен өтуге арнайы рұқсат алып полиция және жедел жәрдем көлігі келетін. Бірақ былтырдан бері олар осы мүмкіндіктен айырылды. Себебі, көктемгі су тасқыны кезінде Аблакетка өзенінің үстіндегі мына көпірдің бір шетін су шайып кеткен.
Әлібек Тұрсынбетов, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:
Жөндеу жұмысы талай жыл жасалмаған, қараусыз қалған ғой. Биыл толықтай жөндеу жасаймыз, келесі жылы су шаймайтындай.
Көпір жөнделсе, бұл жаққа көлікпен де жетуге болады. Ол үшін тау-тастың арасымен 15-20 шақырым жүру керек. Қара жолдың азабы да тұрғындарға оңай тиіп тұрған жоқ.
Оксана Жүнісова, Басова қыстағының тұрғыны:
Бұрын бізге жүк көлігі 10 мың теңгеге келетін. Ал қазір 25 мыңнан кем сұрамайды, өйткені жол нашар. Әсіресе, таудың үстінде және бері қарай төмен түскенде жолдың жағдайы өте нашар.
Жол ғана емес, жарық мәселесі де түрғындар үшін бітпейтін жыр болды. Елді мекен саяжай кооперативі ретінде тіркелкендіктен олар электр қуатын жеке меншік станциядан сатып алуға мәжбүр.
Берік КӨШЕРБАЙ