«Másele». «Ғасыр ұстазы» - 13 мың теңге, «Алаш ұстазы» - 10 мың теңге, «Ұлт ұстазы» - 5 мың теңге - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Másele». «Ғасыр ұстазы» - 13 мың теңге, «Алаш ұстазы» - 10 мың теңге, «Ұлт ұстазы» - 5 мың теңге

30.03.2019

Осы жылдың 23 қаңтарында желіде желіккендер мен есті елге еліткендерді шошытып оятқан мақала бұл. Қораз шақырып болған соң таң алакеуімде сағат міне 06:30-да басылыпты. Тақырып шақырып тұр: «ҒАСЫР ҰСТАЗЫ 13 МЫҢ, АЛАШ ҰСТАЗЫ 10 МЫҢ, ҰЛТ ҰСТАЗЫ 5 МЫҢ ТЕҢГЕ».

Көбіміз көзімізді тырнап ашып ақпаратты ақтарғанда бұған сене қоймадық. Адамның адамына, маманның маманына берілуі бек мүмкін атақтарды қара базардағы ала сөмкеге жасырылған тауардай теңгеге таратып жүрген кім деп ойладық та қойдық. Қазақтың ғажап ақыны Ғафу Қайырбековтың: «Халқымыздың рухани өмір аспанында мәңгілік жарқырап тұрған үш жарық жұлдыз бар. Олар: Шоқан, Ыбырай, Абай»  дегені бар.

Мүмкін аталған алыптарға арналған атақтарды желіккен жас желіге салған болар деп болжадық. Бірақ... Артынша  ақпараттың авторымен тілдестік, сөйтсек, расында «Ғасыр ұстазы», «Ұлт ұстазы», «Алаш ұстазы» деген төсбелгілерді төске салып дайындап сатып жүрген пысықтар табылыпты.

Мұны естіген мұқым ел саудагерлерді «саудың асын ішіп, аурудың сөзін сөйлеп жүргендер» деп сөкті. Қайталап айтайын,  «Ғасыр ұстазы» 13 мың теңге, «Алаш ұстазы» 10 мың теңге, «Ұлт ұстазы» 5 мың теңге. Ұстаздар атақ қуса өзгеден не қайыр, деп әлі аң-таңбыз. Анығын қазір сюжетте айтамыз, алыстамаңыз, қалыс қалмаңыз.

Әлгі саудагерлердің қаперіне салайын, «Ұлт ұстазы» деген атақ болған бізде. Өмірден өткен Ахмет Байтұрсынов туралы жазған ақын Мағжан Жұмабаев осы тіркесті қолданған. Әрі қарай «Ұлт ұстазы» Ахаңның төлқұжатына айналып еді. Ал қазір осынша аяулы атты 5 мың теңгеге сатып алғандар Ахметтің аруағынан  садаға кетсін. Егер атаққұмарлар алған беттен қайтпаса арты былай болады.

Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр-мұғалімдікі» деген. Бірақ, сол төрдегі ұстаздардың кейбірі атақ қуып алтын бастарын төменге түсіргені өкінішті. Көпке топырақ шашпаймыз. Ал «Ұлт ұстазы», «Алаш ұстазы», «Ғасыр ұстазы» деген төсбелгілерді төске тақпаса тыншымайтындарға кениялық мұғалім Питер Табичи үлгі болса етті.

25 наурызда Дубайда «Жылдың үздік мұғалімі» атты дәстүрлі премияның  жеңімпазы анықталды. Халықаралық жобаның биылғы бас жүлдесі мен 1 миллион доллар сыйақы Кенияда ұстаздық ететін Питер Табичиге бұйырды. Бұл азамат еңбек ететін мектепте 1 ғана компьютер бар, 1 ұстазға 58 оқушыдан келеді екен. Әлеуметтің әлеуеті әлжуаз. Сондықтан, Питер  жалақысының 80 пайызын тұрмыстық жағдайы нашар отбасыларға үлестіріп береді.

Жаныңды жадырататын жаңалық расында. Ал әлгі ұлт, ғасыр, алаш ұстазы боламын деп желіккендерге «Лантерн руж» премиясын табыс етсе алар ма екен? Бұл 1903 жылы бекітілген, веложарыста ең соңғы боп келген спортшыға табысталатын статуэтка. Тіпті, елдің есінде қалып осы сыйлықты алу үшін веложарыстың сөресін ең соңғы боп кесетіндерде табылыпты деседі.

Әй, бірақ, біздегі пысықтар бұған пысқырып та қарамас. Атақ қуғандарға Марк Твен былай депті: «ужру

Негізі, атаққа лайық қызмет етпей сол атақты асынып жүргеннен, атаққа лайық қызмет етіп, оны ресми түрде алудан бас тартқан әлдеқайда адамшылық». Алайда, аталған адамшылықтан алыс жүргендер туралы Еркін Съезұлы айтады...

Еркін СЪЕЗҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу