«Педагог мәртебесі туралы» Заң күшіне енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Педагог мәртебесі туралы» Заң күшіне енді

06.01.2020

Халықаралық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздарын, түрлі олимпиадалар мен спорттық сайыстардың лауреаттарын даярлаған педагогтарға 3 лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төленеді. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапатына ие болғандарға 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы сыйақы беріледі. 1 қаңтардан бастап күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» Заңда мұнан өзге де жағымды жаңалық көп.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң елімізде алғаш рет қабылданды. Құжат елдегі жарты миллионнан астам мұғалімді қорғайды, қолдайды. Енді ұстазды заңсыз жұмысқа тартқан, тексерген, балағаттағандар 50 мыңнан 300 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді. Жүктеме азаяды. Апталық жүктеме енді 18 сағат емес 16 сағат. Ақылы демалыс 42 күн емес, 56 күн болады.

Өзгерістерге мұғалімдер қуанышты. Құжаттағы әрбір мәселе ұстаз көкейіндегісін дөп басады. Балаға сапалы білім, саналы тәрбие беретін педагогтың да жауапкершілігі арта түспек.

Мемлекеттік награданың жаңа түрі белгіленді. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапат иесіне 1000 АЕК мөлшерінде бір жолғы сыйақы беріледі . «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленушіге 2000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант төленеді. Магистр дәрежесі бар мұғалімге ай сайын 25 мың теңге, тәлімгерге ай сайын 17 мың көлемінде қосымша ақы қосылады. Сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін төленетін ақы 2 есеге артады. Философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген мөлшерінде, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі үшін айлық есептік көрсеткіштің 17 еселенген және ғылым докторы ғылыми дәрежесі үшін айлық есептік көрсеткіштің 34 еселенген мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді.

Заң қаржымен толық қамтамасыз етілген. 2024 жылға дейін 5 триллион 3 миллиард теңге осы нормаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен бөлінеді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу