Ақтөбе облысында көпбалалы отбасыларға жалға берілетін үйлердің құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында көпбалалы отбасыларға жалға берілетін үйлердің құрылысы басталды

29.03.2019

Бұл туралы «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың өңірге жасаған сапары барысында белгілі болды. Сондай-ақ, осы жолы партияның облыстық филиалының төрағасы болып өңір басшысы Оңдасын Оразалин сайланды.

Хромтау ауданының тұрғыны Гүлжанар Бисембаева бүгін «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне көмек сұрай келді. Жалғызбасты ана көбіне түнгі ауысымда жұмыс істейтіндіктен баласын интернатқа орналастыруға ниетті. Мамандар оның мәселесін лезде шешіп берді. Біріңғай әлеуметтік терезе қағидасы бойынша қызмет көрсетіп жатқан қабылдау бөлмелеріне Гүлжанар секілді 80-нен аса көпбалалы ана келген. Соның 30 пайыздан астамына нақты көмек берілген.

Гүлжанар Бисембаева, Хромтау ауданының тұрғыны:

- Шара қолданып, өздерінің шаруаларын шешіп, баламды интернатқа орналастыруға көмектесті. Өзім жалғызбасты анамын.

Бүгін «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының конференциясы өтті. Жиында партияның XVIII съезінде Елбасы айқындап берген жаңа міндеттердің орындалуы, әлеуметтік жобалардың жүзеге асу барысы талқыланды.

Мәулен Әшімбаев «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Елбасымыздың экономикалық және саяси реформалары мен ауқымды жаңғыру бағдарламасы еліміздің жан-жақты дамуын қамтамасыз етті. Халықтың әл-ауқатының өсуі де - Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегінің басты жетістіктерінің бірі. Тұңғыш Президентіміз үнемі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, жастар мен көпбалалы отбасыларды қолдауға, білім беру және денсаулық сақтау салаларына көңіл бөліп, басты назарда ұстап келеді.

Елбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 2025 жылға дейін көпбалалы және жағдайы төмен отбасылар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салуды тапсырды. Облыста 23 мың шаршы метр баспана салынады. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен Ойыл, Мұғалжар және Қобда аудандарында 60 үйдің құрылысы басталады. Ал, бүгін бірнеше көп балалы ана мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар баспаналы болды.

Жаңа пәтерге ие болған отбасының бірі ерекше сәтті пайдаланып, партия төрағасының бірінші орынбасары мен облыс әкіміне өтініш жасады. Қуанышқа ортақтасқан меймандар кішкентайдың тұсауын кесіп, үлкен азамат болуын тілесті.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу