Көпбалалы отбасыларға берілетін пәтерлердің саны артуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпбалалы отбасыларға берілетін пәтерлердің саны артуы мүмкін

06.02.2019

Бұл туралы бүгін Үкіметте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті. Айтуынша, қазір көкейкесті мәселе жан-жақты қарастырылып, тетіктері пысықталып жатыр. Бұрын жалға берілетін пәтерлерді салуға 25 млрд. теңге жұмсалса, биылдан бастап қосымша тағы 10 млрд. бөлінбек. Яғни, әкімдіктерге 35 млрд. теңге беріледі. Нәтижесінде, жалдамалы пәтердің саны 4 мыңға ұлғайтылады. Оның 700-і көпбалалы отбасыларға берілмек. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасына да өзгерістер енгізілуі ықтимал.

Айта кетейік, министр келтірген мәліметке сәйкес, бүгінде үй тізімінде тұрған көпбалалы отбасылардың саны – 28 мың. 

 Жеңіс Қасымбек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Сағат 12:00-де Досаев мырзамен аталған мәселеге қатысты үлкен жиналыс өтеді. Біз осындай отбасыларға қосымша пәтер салу үшін қаражат іздеп жатырмыз. Осындай жылына 700 пәтер салынатын болса, олардың санын 2-3 есе көбейту керек. Мұндай ұсыныс біздің министрліктен болады. Екінші мәселе – «Нұрлы жер» бағдарламасында осындай отбасыларға көмек беру үшін арнайы бөлім жасау үшін бойынша қазір Үкіметте жұмыстар басталды.

Бұдан бөлек, Жеңіс Қасымбек көпбалалы отбасыларға пәтер алу үшін арнайы сертификаттар берілетінін жеткізді. «7-20-25» бағдарламасы, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бойынша жыл сайын елімізде 10 мыңнан астам пәтер салынады. Әкімдіктер бұл сертификаттарды үйге мұқтаж отбасыларға таратады. Сертификаттың көлемі әр өңірде әртүрлі болмақ. Қазір тиісті заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. 3 айдың көлемінде заң қабылдануы тиіс.

Айта кетейік, көпбалалы отбасыларға жәрдемдесу үшін Президент әкімдіктерге тұрғын үй сертификаттарын беруді тапсырған болатын. 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу