Әуе көліктерінің апаттары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әуе көліктерінің апаттары

28.03.2019

Әлеменің әр түкпірінде, оның ішінде Қазақстанда да, өкінішке қарай, әуе көліктерінің апаттары болып, адамдар қаза тауып жатады. Тілшіміз Оңғар Алпысбайұлы соңғы 5 жылда елімізде болған осындай әуе апаттары туралы деректерді жинады. Енді соны рет-ретімен айтып берсін.

2013 жыл. Әуе көліктері 5 рет апатқа ұшыраған. Ең ірісі 24 қаңтар күні болды. Көкшетау Алматы бағытында ұшқан CRJ-200 әуе кемесі Алматы облысында құлады. Бортта 5 экипаж мүшесі мен 16 жолаушы болған. Барлығы қаза тапты.

2014 жылы 4 апат тіркеліп 3 адам қаза тапты. 28 мамыр Алматы облысында «Бекас-Х-32» жеңіл қозғалтқышты ұшағы құлап, 29 жастағы ұшқыш көз жұмды. 23 қыркүйек. Тағы да Алматы облысында әскери-оқу жаттығу кезінде Су-27 ұшағы құлап, 2 әскери қаза тапты.

2015 жыл. Әуе көліктері 4 рет құлап, 7 адамның өмірін жалмады. Жамбыл облысында АН-2 ұшағы апатқа ұшырап, бортта болған 6 адам қаза тапты. Жалғыз әйел адам аман қалған. 27 мамыр. Талдықорған маңында шағын ұшу аппараты құлап, пилот қаза тапты.

2016 жыл. 4 оқиға тіркеліп, 7 адам көз жұмды. 13 қаңтар. Жамбыл облысында Ми-2 тікұшағы құлап, ұшқыш ауруханада көз жұмды. 27 қаңтар. Алматы облысында Алакөл ауданынан Талдықорғандағы ауруханаға бала апара жатқан UP-MD 600-N тікұшағы апатқа ұшырады. Бортта болған барлық 5 адам көз жұмды. 26 маусым. Алматы облысында егіс алқабын дәрілеп жүрген Ан-2 ұшағы апатты жағдайда қонып, борттағы 2 адамның біреуі көз жұмды.

2017 жыл. Әуе көліктеріне қатысты 6 оқыс оқиға тіркеліп, 11 адам қаза тапты. 25 ақпан күні С-341 тікұшағы байланысқа шығуын тоқтатқан. Ол ертеңіне табылды. Ұшқыш қаза тауып, бортта болған екінші адам аман қалды. 27 шілде. Алматы облысында ЯК-12 ұшағы құлап 2 адам көз жұмды. 10 тамыз. Алматы облысында Теcnam-2002 құлап, 2 адамның өмірін жалмады.

25 тамыз. Қызылорда облысында MAULE M-7-260C ұшағы құлап, 1 адам қаза тапты. 7 қыркүйек. Қызылорда облысында Ми-8 тікұшағы құлады. Абырой болғанда зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. 3 Қазан. Алматы облысында санавиацияға тиесілі Ан-28 ұшағы апатқа ұшырап, бортта болған 5 адамның барлығы көз жұмды.

2018 жыл. Апатты жағдай тіркелмеді.

2019 жыл. 17 қаңтар. Алматыдағы Алатау сауықтыру кешенінің ауласына Еврокоптер-130 түкұшағы құлады. Ұшқыш жедел жәрдем көлігінде жан тапсырды.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу