Астананың Нұр-Сұлтан деп өзгеруі – елдің Елбасына құрметі, ыстық ықыласы және мың алғысы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың Нұр-Сұлтан деп өзгеруі – елдің Елбасына құрметі, ыстық ықыласы және мың алғысы

25.03.2019

Осылай деген Қазақ елінің азаматтары тарихи шешімді қолдап, әлі де өздерінің пікірлерін білдіріп жатыр. Жер-жерде мерекелік форумдар, арнайы акциялар және мерекелік шаралар өтуде. Концертте елді ұлықтаған патриоттық әндер шырқалса, ақын-жазушылар өз ойларын өлең жолдарымен жеткізіп жатыр.

Елорданың Нұр-Сұлтан болып өзгеруі – қазақтың бір туар ұлына, елді бір арнаға ұйыстыра білген көшбасшысына деген ризашылығы. Осылай деген маңғыстаулық ағайын бүгін мерекелік форум өткізді. Шараға мектеп оқушысынан бастап зиялы қауым өкілдеріне дейін түгел жиналды.

Теріскейдегі халық та, ел үшін күні-түні тынбай ерен еңбек етіп, бірлік пен дамудың даңғыл жолына шығарған Ұлт көшбасшысының есімі Астана қаласына берілуі заңды құбылыс екенін айтады.

Абылайхан Қайроллаев - «Жас Отан» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

- 30 жыл бойы еліміздің гүлденуіне үлесін қосқан, дамуы төмен мемлекеттердің қатарынан, 50 дамыған мемлекеттің қатарына қосқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Қазіргі таңда осындай шешімнің орынды екенін түсінеміз.

Ал, Өскеменде «Астанамыз - Нұр-Сұлтан!» атты патриоттық акция өтті. Шара барысында Нұрсұлтан Әбішұлының елге сіңірген еңбегі айтылып, тұрғындар емін-еркін пікір алмасты. Ал, ақын-жазушылар Астанаға ода арнады.

Нұр-Сұлтанды қолдаған іс-шарадан қарағандылықтар да тыс қалмады. Облыс орталығында дүркіреп концерт өтті. «Егемен елдің қалыптасып, өсіп-өркендеуіне ерен еңбек сіңірген Тұңғыш Президентіміз бұл құрметке әбден лайық», – деді.

Ержан Шынкеев, «Қазақстан барысы - 2018» жеңімпазы:

- Қазақстанымыздың осылай гүлденуі, үздік 50 мемлекеттің қатарына кіруі, осының бәрі Елбасымыздың арқасы деп кәміл сенемін. Бізге де, осы спорт саласына үлкен көмек, қолдау көрсетті.

Бейбітшілік пен өзара келісім, тұрақтылық – Тұңғыш Президенттің салиқалы саясатының жемісі. Соның арқасында Қазақстан аз уақытта өркендеп, әлемге танылды. Қостанай облысының бірнеше ауданында осы тарихи оқиғаға арналған іс-шаралар өтті.

Осылайша, тұтас ел Астананың – Нұр-Сұлтан болып жаңарғанын жақтап отыр. Бұл тарихи оқиға жарқын болашаққа жаңа талпыныс, жаңа мақсаттарды айқындап отыр. Оң өзгеріс барша қазақстандықтардың өміріне, тұрмыс-тіршілігіне үлкен жаңару әкеледі деп сенім білдіреді.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу