«Нұротандықтар» Нұр-Сұлтан атауын қолдайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұротандықтар» Нұр-Сұлтан атауын қолдайды

27.03.2019

Аз уақытта еңселі елорда тұрғызған Елбасының еңбегі өлшеусіз. Сондықтан тарихи тұлғаның ерен еңбегі мен салиқалы саясатына деген құрмет бас қалаға есімін беруден басталғаны жөн. Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде өткен «Nur Otan» партиясы бастауыш ұйымдарының форумында осындай ой жиі айтылды.

Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астананы Нұр-Сұлтан деп атау туралы жарлығы талқыланды. Партия өкілдері бұл ұсынысты бір ауыздан қолдап, форум соңында үндеу қабылдады.

Аягүл Миразова, ұстаз, Қазақстанның Еңбек ері:

- Осы еліміз Тәуелсіздік алғаннан бастап, сол кезде Тұңғыш Президентімізге, дауыс бергенде, оған сенгенбіз. Сол сенімімізді ақтады.

Бастауыш партия ұйымдарының өкілдері Елбасының ел дамуында сіңірген еңбегін ерекше бағалайды. Олардың ойынша, елорданың Нұр-Сұлтан деп аталуы - Елбасына халықтың көрсеткен құрметі.

Салтанат Ералина, Жаңаарқа аудандық бастауыш партия ұйымдарының төрайымы:

- Ел жүрегі - Астананың Нұр-Сұлтан болып өзгеруін қазақстандықтардың барлығы қолдайды деп ойлаймын. Өйткені сайын далаға, Сарыарқаның төсіне елорданы көшіру - Елбасының еңбегі. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістігі сол кісінің қажырлы еңбегі, сұңғыла саясатынан туындады.

Қызылжар жұрты жаңа атау елорданың дамуына жаңа серпін береді деп сенеді. «Nur Otan» партиясы бастауыш партия ұйымдарының облыстық форумына жиналғандар елорданы Елбасының өзі салғанын атап өтті.

Әлфараби Мыңбай, «Серпін» бағдарламасының түлегі:

- Астанамызды Нұр-Сұлтан деп өзгертуін жастар қолдайды. Осыдан 20 жыл бұрын да астананы Ақмолаға көшіргенде біразы наразы болған. Бірақ осындай қала тұрғызады деп ешкім ойламаған.

«Бас қаланың бас сәулетшісіне қандай құрмет көрсетсе де, жарасады». Елордаға Елбасы есімін беруді қолдайтын жамбылдықтар өз ойын осылай жеткізді. Олар елімізді төрткүл дүниеге танытқан тарихи тұлғаға лайықты құрмет деп санайды.

Дамира Сүгірбай, «Nur Otan» партиясы Қордай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

- Бүгінгі жас ұрпақтың Елбасын ұлықтап, Астанамызға есімін беруі бұл қазақстандықтардың Елбасына деген ризашылығын білдіреді. Бұл шешім талқылауды, әңгіме етуді керек етпейді деп те ойлаймын.

Болат Дусалиев, Маңғыстау темір жолы бастауыш партия ұйымының төрағасы:

- 10 жылға 10 басты мақсат бар. Соның ішіндегі көп айтылғаны мына аз қамтылған отбасыларды қамту, жағдайын көтеру және көпбалалы отбасылардың жағдайын қарау. Мұнайлы аудандық мәслихатта 13 депутат бар. Өзіміз сайланған елді-мекендердегі аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету жұмыстарын жүргіздік.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу