Алматы облысында мал шаруашылығы өркендеуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында мал шаруашылығы өркендеуде

21.06.2014
Алматы облысында мал шаруашылығы өркендеуде
Ел экономикасының ілгерілеп, әлеуетінің көтерілуіне мал шаруашылығы әл беріп тұр.
 
Мемлекет тарапынан да бұл салаға баса көңіл бөлінуде. Дәл осы бағытта  Алматы облысы алдыңғы қатарда.
 
Төрт түлік шығыны азайып, қоңды мал оңды төл ертті. Өңірдегі ірі шаруашылықтың бірі «Хильниченко және К» коммандиттік серіктестігі қазір 1000-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
 
«Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады». Осы сөзді Қанатгүл Сәлібаева басшылыққа алған. Оның шаруашылықта істегеніне 10 жылға жуық уақыт болды.
 
Бүгінде кәсібінен нәсіп тауып отырған ол сиыр өсірудің машақаты аз емес екендігін айтады. Десе де, облыстағы озат жұмысшы мал өсірудің қыр-сырын жетік біледі.
 
Қанатгүл Сәлібаева, «Хильниченко және К» коммандиттік серіктестігінің жұмысшысы:
Өзіме ұнайды жұмысым. Айына 100 мың теңгеге жуық ақша  аламын.Бұл менің отбасым үшін үлкен қуаныш. Көмектерін береді.
 
Жері көркем, ырысты өлке саналатын Жетісудың басты байлығы - тамаша табиғаты мен мал өсіруге қолайлылығы.
 
Елбасы 2016 жылға қарай ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізуді міндеттеген еді. Қазір серіктестікте 1800 бас ірі қара, 8 122 қой-ешкі, 500 жылқы бар.
 
Алатау тұқымдас ірі қара мал өсіруге ден қойған. Таңдаулы 400 бұқа байлауда тұр. Игілікті істің нәтижесі ілкімді болады деген сенім бар.
 
Виктор Хильниченко, «Хильниченко және К» коммандиттік серіктестігінің төрағасы:
Бізде  бұқа, сиырдың салмағы 450 келіге дейін барады. Барлығы - асыл тұқымды. Биыл сүт фермаларын күрделі жөндеуден өткіздік, ішін кеңейттік. Нәтижесінде енді 20 тоннаға дейін сүт өндіретін боламыз. Мемлекет тарапынан қолдау зор. Субсидияның арқасында мал саны көбейіп жатыр.
 
Индира Бегайдар,тілші: 
Шаруашылықта осындай 600 сиыр бар. Жылдың аяғына дейін оның санын мыңға жеткізу көзделуде. Айта кетейік,әр сиыр күніне кем дегенде 20 литрден астам сүт береді екен.
 
Жалпы,Алматы облысында «Сыбаға» бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді. Мәселен, асыл тұқымды ірі қараның үлесі 14 пайызға артып, қой мен ешкі 21 пайызға көбейген.
 
Аграрлы аймақ ауыл шаруашылығы саласы бойынша алдыңғы қатарда. «Бірақ, жеткен жетістікке тоқмейілсімейміз», дейді.
 
 Ендігі меже - Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындау.
 
Қанатгүл Сәлібаева сынды еңбекқор жандар ата кәсіпті жаңғыртуға үлес қосады.
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу