Азия елдері кеңеске жиналады
Мемлекет басшысы Бакуға жұмыс сапарымен барды. Ертең бұл қалада Азия елдері бас қосады. Әзербайжан астанасында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің жетінші саммиті өтеді. Күн тәртібінде қауіпсіздік, көлік байланысы және цифрландыру мәселелері бар. Қазақстан ұсынған диалог алаңы халықаралық ұйымға айнала ма?
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Әлемдегі ахуал қазір Каспий толқындарындай тербеліп тұр. Жер жүзінде қақтығыс тыйылмай, халықаралық қатынастағы басты құрал-сенімге селкеу түсті. Өзара іс-қимылдан гөрі өз мүддесін күйттеу басым түскен заманда келіссөз бен мәмілеге келу адамзат үшін аса маңызды. Осындай шақта АӨСШК ұстанымы әртүрлі мемлекеттерді Баку алаңында бір үстелге жинамақ.
Әзербайжан астанасы саммит алдындағы соңғы әзірлікті пысықтап жатыр. Бұл ел кеңеске 2024 жылдан бері төрағалық етеді. Ресми Баку осы кезеңде көлік байланысын кеңейтуге, цифрландыру мен тұрақты дамуға басымдық берді. Сауда, ғылым және білім саласындағы бірлескен жұмысты да жандандыруды көздейді.
Роза Байрамлы, Халықаралық қатынастарды талдау және мультикультурализм орталығының аға кеңесшісі:
Әзербайжан соңғы екі жылда кеңестің дамуына және толыққанды халықаралық ұйымға айналуына басымдық берді. Яғни оның қызметін диалог алаңымен шектемей, тұрақты құрылымдары бар халықаралық ұйым ретінде қалыптастыру көзделді.
Екіжақты қатынасқа келсек, Қазақстан біздің серіктесіміз әрі одақтасымыз. Бауырлас Қазақстанға құрметіміз ерекше. Қарабақ қақтығысы аяқталғаннан кейін Қазақстанның көрсеткен қолдауын жоғары бағалаймыз.
Азияның ақылдасу алаңына қазір 28 мемлекет мүше. Яғни жер жүзіндегі халықтың жартысына жуық. Саяси ұстанымдары мен мүдделері әрқилы елдер бар. Қытай мен Үндістан, Израиль мен Палестина кеңес қатарында. Осы ретте Азия кеңесі елдерге қауіпсіздік мәселелерін тең дәрежеде талқылауға мүмкіндік береді. Себебі әр шешім ортақ келісіммен қабылданады.
Ильгар Велизаде, саясаттанушы, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының президенті:
Қазақстан Президенті қабылданған шешімдерді іске асыратын тетіктер қажет екенін үнемі айтып жүр. Біз кездесеміз, талқылаймыз, шешім қабылдаймыз. Бірақ сол шешімдерді орындау керек. Меніңше, алдағы саммитте де келісімдерді жүзеге асыруға мән беріледі. Көп жағдайда бізге ортақ ережелер мен мақсаттар аймағымыздан тыс жерде белгіленеді. Бірақ уақыт өзгерді. Өзгелер біз үшін шешім қабылдайтын кезең артта қалды. Енді аймағымызға қатысты мәселелерді өз күшімізбен шешетін кез келді.
Азия кеңесін құру бастамасын 1992 жылы БҰҰ мінберінен біздің ел көтерген. Алғашқы саммит Алматыда өтті. Алатау баурайында кеңестің бас құжаты қабылданып, мақсаты мен жұмыс қағидаттары бекіді. Төрт жыл бұрын Астана саммиті жаңа міндет қойды. Кеңесті халықаралық ұйымға айналдыру көзделіп отыр. Ертең осы жұмыстың жалғасы талқыланбақ. Бастамашы ел ретінде Қазақстанның ұстанымына ерекше мән берілмек.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Нөмірі бірінші борт Гейдар Әлиев әуежайына келіп қонды. Бауырлас ел Мемлекет басшысын сый-құрметпен қарсы алды. Негізгі іс-шаралар ертеңге жоспарланған. Президент саммитке қатысып сөз сөйлейді. Сонымен қатар бірқатар екіжақты кездесулер өткізбек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы